Бейжіңде «Қытай-Ресей» саммиті өтеді

Бейжің қауіпсіздікті барынша күшейтті. Бүгін шаһарда Қытай-Ресей саммиті өтеді. Президент Владимир Путин Бейжіңге түнде барды. Ел билігі әзірлігін аямаған. 

Қонағын бар сән-салтанатымен қарсы алды. Кремль басшысын әуежайда Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И күтіп алды. Ал бүгін Владимир Путин мен Си Цзиньпин келіссөз өткізіп қана қоймай, бірқатар құжатқа қол қоюға тиіс. Сондай-ақ «көпполярлы әлем» құруға қатысты бірлескен мәлімдеме жасайды. Яғни екі жақ Батыстан жеке саяси-экономикалық жүйе құру мәселесін қозғайды. Бұдан бөлек, Ресейден Қытайға «Сібір күші – 2» газ құбырын салу жайын талқылайды. Президент Путиннің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуына қарағанда, былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 245 млрд долларға жетті. Сауданы юань және рубльмен жасаймыз. «Бұл Батыстың санкцияларынан құтылуға мүмкіндік береді», - дейді Ушаков. Қытай Ресей мұнайының ең ірі тұтынушысы. Биыл 1 тоқсанда қара алтынның үштен бір бөлігін осы елге экспорттаған.