Әмірлік айға робот жіберуге қамданды

Біріккен Араб Әмірліктері айға робот жіберуге қамданып жатыр. Жобаға ондаған миллион доллар бөлініп, жаңа ровер жасап шығарылды. 

Ғарыштық аппарат жыл соңына қарай америкалық айлақтан ұшырылып, айдың арғы бетіне қонуы тиіс. Алайда миссия тағы сәтсіз бола ма деген қауіп басым. Өйткені әмірліктің Мұхаммед бин Рашид орталығы жасаған алғашқы ровер 2022 жылы апатқа ұшыраған еді. Жердің табиғи серігіне жеткен бойда онымен байланыс үзіліп, кейін мүлде жойылып кеткені белгілі болды. Сөйтіп жобаға жұмсалған қаражат зая кетті. Соған қарамастан, әмірлік тарапы өршіл мақсаттан бас тартпады. Тіпті шейх Рашид деп аталған құрылғының жаңа нұсқасы жасалып, серіктес компания ауыстырылды. Осы күні жаңа ровер Абу Даби мен Дубайда бірнеше мәрте таныстырылып, халықаралық қауымдастық бақылауынан өтті. Айта кетейік, айда өздігінен жүретін аппарат қондырған елдер көп емес. Бұл тізімде АҚШ, Қытай, Үндістан, Жапония және бұрынғы Кеңес одағы ғана бар. 

Амер Әлгафри Мұхаммед Бин Рашид, Ғарыш орталығы бас директорының орынбасары:

- Шағын болса да ұзақ уақыт құнды деректер жинап, автоматты түрде жұмыс істей алады. Бастысы мұны біз өз елімізде жасадық. Сәтін салса айға жетіп, ғарыштық орталығымыз үшін маңызды мәліметтер жолдайтын болады. Кейін халықаралық қауымдастыққа да бір пайдасын тигізеді деген ойдамын. Жалпы біз ай және Марспен шектеліп, астероидтар әлемін де терең зерттеуге ден қойдық.