Ташкентте ұлттық тағамдар фестивалі өтті
Ташкентте ұлттық тағамдар мен дәстүрлер фестивалі өтті. Әр этнос өздерінің байырғы астарын дайындап, көпшілікке ұсынды.
Іс шара қайырымдылық негізде ұйымдастырылды. Жиылған қаржы онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың еміне жұмсалады. Қазақстан елшілігі де аталған фестивальге қатысып, ұлттық мәзірді ұсынды.
22-ші ұлттық тағамдар мен дәстүрлер фестиваліне Ташкенттегі барлық дипломатиялық миссимен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері қатысты. Шараның басты мақсаты елшіліктер арасындағы достық байланысты нығайтып, әр ұлттық дәстүрлі тағамдарын насихаттау.
Сержан Сәрсенбаев Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі:
- Ұлттық тағамдар мен мәдени мұра арасындағы рухани байланыс тереңдей түсетіні сөзсіз. Өткен жылы біз осы фесиивальдің жүлдегері атандық. Биыл да өзіміздің қонақжай мәдениетімізді таныстырып, жоғарғы марапатқа қол жеткіземіз деген үміттеміз.
Қазақстан елшілігі қазан көтеріп ет асты. Сары қымыз сапырып, бауырсақ таратылды. Көпшілік қазақтың ұлттық асынан дәм тату үшін кезекке тұрды. Төрешілер қауымы мәзірден ауыз тиіп, тағамның дәмі мен сапасын бағалады.
Юсиф Мамадов, Әзербайжан азаматы:
- Біздің бауырлас қазақ елінің ұлттық тағамынан ауыз тиідім. Бұрын тек естіп жүретінмін. Әсіресе қымызбен еттің дәмі бөлек екен. Ауыз тимеген адамдарға тездетіп қазақ асханасына баруға кеңес беремін.
Биылғы фестиваль қатысушылар саны бойынша жаңа рекорд орнатты. 120-ға жуық түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері дәстүрлі тағамдарын ұсынған. Ал қайырымдылық шарадан түскен қаржы онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың ем домына жұмсалады.