Жанармай шығынын азайтудың амалын тапқан шебер

Америкалық шебер жанармай шығынын азайтудың ерекше жолын тапты. 30 жастағы Мали Хайтауэр ойыншық көліктен кәдімгі темір тұлпар құрастырып шығарды.

Ол машинаға ауласында жатқан ескі су сорғыштың қозғалтқышын орнатқан. Жібін тартса, көлік жүйтки жөнеледі. Бір кісі ғана мінеді дегені болмаса, жанармайды «аз жейді». 

Джорджия штатының тұрғыны Мали Хайтауэр біраз жылдан бері шағын спорт көліктерін құрастыру ісімен айналысады. Таяу Шығыстағы шиеленістен кейін АҚШ-тағы жанармай бағасы ырық бермей бара жатқан соң, жас жігіт бензин шығынын азайтудың жолын іздейді. Сөйтіп балаларға арналған көліктің қозғалтқышын күшейтіп, ұсақ-түйегіне дейін ерекше мән береді. Тіпті ішіне жарық пен планшетке дейін орнатқан.

Мали Хайтауэр, шебер:

- Қазір бензиннің бір галлоны 5 доллар тұрады. Мына көлігімнің багына әрі кетсе 2 галлон жанармай сыяды. Кәдімгі темір тұлпарлармен салыстырғанда шығыны әлдеқайда аз.

Жас жігіт иелегінде бірнеше көлік бар екенін айтады. Бірақ, оның біреуін мінудің өзі мұңға айналып барады. Өйткені, 7-8 орындық жеңіл көліктің багын толтыру үшін қалтадан 60 доллар шығару керек. Жалпы Ақ үйдің қазіргі әкімшілігі билікке келгелі АҚШ-та күнкөріс қамы қиындап барады, - дейді шебер.

Мали Хайтауэр, шебер:

- Ирандағы соғыс Америка экономикасына кері әсер етіп жатыр. Мен ата-анамнан бөлек шығып, жеке табыс тауып жүргеніме 10 жылдан асты. Бірақ қазіргідей ешқашан қиналған емеспін. Қымбатшылықтың кесірінен тапқан табысымыз көзге көрінбей қалды. Бұрын да жанармай бағасы біресе арзандап, біресе көтеріліп, құбылып тұратын. Бірақ дәл қазіргідей шарықтап кеткені есімде жоқ.  

Financial Times басылымының дерегі бойынша Таяу Шығыстағы шиеленіс басталғалы америкалық жүргізушілердің жанармайға шығыны 41 млрд 500 млн долларға артты. Бұл әрбір отбасыға шаққанда - 316 долларға тең. Ал сарапшылар тараптар таяуда  келісімге келмесе, жазда мұнайдың бағасы барреліне 180 долларға дейін қымбаттауы мүмкін деп топшылайды.  

Авторы: Зайнұр Байжігіт