Әлем елдеріндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік

Жыл сайын әлемде өндірістік жарақат салдарынан 3 миллионға жуық адам көз жұмады.

Өнеркәсіп саласындағы жазатайым оқиғаларға ұшырайтындардың дені ерлер. Бұл Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі. Ал ең қауіпті салаларға ауыл шаруашылығы, құрылыс, орман және балық шаруашылығы жатады екен. Әлем елдерінде  жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау үшін қандай шаралар қолға алынған? 

Үндістан 

Әлем бойынша өндірістік орындарда опат болатындар саны Үндістанда көп. Елдің Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің мәліметінше, жыл сайын онда мыңнан астам адам қаза табады. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі зауыттарда, құрылыс алаңдарында және шахталарда тіркеледі. Тағы, ми қайнатар аптап ыстық та жұмыс істеуге кедергі. Қауіп-қатерді азайту мақсатында жергілікті мамандар арнайы смарт-дулыға жасап шығарды. Бұл құрылғылар күн өткізбейді, жұмысшының қозғалысын бақылайды және шұғыл көмек керек кезде бірден дабыл сигналын жібереді. Ал жаңа салалық кодекс бойынша жұмыс берушілер 40 жастан асқан қызметкерлерін жыл сайын өз қаражаты есебінен медициналық тексеруден өткізуге міндетті. Егер өндіріс орнында кісі өлімі тіркелсе, компания 6 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ал қызметкер ауыр жарақат алған жағдайда 2500 АҚШ доллары көлемінде өтемақы өндіріледі.

Австралия 

Австралия өндірістегі қауіпсіздікке мұқият ел. Онда жұмысшылар басына арнайы ақылды таңғыш тағып жүреді. Онысы қорғаныс бас киімдеріне бекітіледі. Мұндай құрылғы қызметкердің жүрек, тамыр соғысын, қан қысымын, ағзадағы су теңгерімі және тіпті зейін қою деңгейі сияқты маңызды көрсеткіштерді бақылап отырады. Аустралиялықтар қолданатын бұл технология шаршаудың алғашқы белгілері немесе қалыпты жағдайдан ауытқулар анықталған жағдайда, Bluetooth арқылы жұмысшының смартфонына ескерту хабарламасын жібереді. Кейінгі деректер бойынша адам зейінін 80 пайызға арттырып, оқыс оқиғалар санын екі есеге азайтуға мүмкіндік беретіні анықталған. Елде ақылды таңғышты негізінен кеншілер, құрылысшылар, теңізшілер және ұшқыштар қолданады.

Германия

Қол астындағы қызметкерінің бас амандығына жауапкершілікпен қарайтын тағы бір ел - Германия. Жұмыс берушілер физикалық қауіпсіздік пен психологиялық саулыққа мән береді. Және бұл бағытта заманауи технологияларды қолданады. Мәселен, елде автокөлік жасау және логистика салаларында өндірістік экзоскелеттерді пайдалану қалыпты тәжірибеге айналған. Осылайша бел омыртқа мен иыққа түсетін салмақ азайып, арқа мен буындардың созылмалы жарақат алу қаупі әлдеқайда төмен болады. Ал химия және машина жасау зауыттарында қауіпті өндірістік жұмыстарды атқармас бұрын қызметкерлер виртуалды шындыққа негізделген жаттығу залында дайындықтан өтеді. Бұл арқылы төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар кәсіпорындарда қызметкерлердің күйзеліс пен шаршау деңгейін бақылауға арналған анонимді цифрлық платформалар жұмыс істейді.

Нұрбике Жігер, Райхан Серикова