Трамп Иранға соққы жасау райынан қайтты
Дональд Трамп «Түнде Иранға өте жойқын шабуыл жасаймын» деген райынан қайтты.
АҚШ президенті бұған Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздердің оң бағытта жүріп жатқанын желеу еткен. Бірақ ол Иранның теңіз айлақтарына қойылған тосқауылдың толық жұмыс істеп тұрғанын айтты. Кеше ғана Трамп «Бүгін түнде Иранның Харк аралын басып алып, елдің мұнай-газ инфрақұрлымына бақылау орнатамын» деп сес көрсеткен еді. Алайда АҚШ-тың ресми тұлғалары мен әскери сарапшылары «Алдағы уақытта Харк аралына құрлық әскерін кіргізудің соңы үлкен қауіп-қатерге әкелуі мүмкін» деп ескертті. Айта кетейік, Харк аралында Иранның шикі мұнай экспортының 90 пайызы өтетін үлкен терминал орналасқан.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Иран осы аптаның аяғына дейін келісімге қол қоюы мүмкін. Оны Жоғары көшбасшы мақұлдады. Содан кейін АҚШ Иранның теңіз айлақтарына қойылған тосқауылды алып тастайды. Сосын мұнай бағасы күрт төмендейді. Иранда ядролық қару болмайды. Олар оны жасамайды. Ормуз бұғазы келісімге қол қойылғаннан кейін бірден ашылады. Бұл осы сенбі немесе алдағы дүйсенбі болуы мүмкін. Бірақ мен бір кесімді мерзімді нақтылап айта алмаймын. Мен жаңа ғана Биби Нетаньяхумен сөйлестім. Сонымен қатар Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Кувейт және басқа да елдердің басшыларымен сөйлестім. Енді Түркиямен сөйлесемін.
АҚШ қор нарығы өсіп, мұнай арзандады
Трамп Иранға шабуыл жасаудан бас тартқаннан кейін АҚШ-тың қор нарығы жоғары өрледі. «Эс-Эн-Пи 500» 1,75 пайызға, «Насдак Композит» 2,54 пайызға, «Доу Джоунс» 1,86 пайызға көтерілген. Ал мұнай бағасы күрт төмендеді.