Францияда инфляция қайта үдеді

Францияның ұлттық статистика институты жариялаған мәліметтерге сәйкес мамыр айында елдегі жылдық инфляция деңгейі 2,4%-ды құрады.

Бағаның өсуіне ең алдымен энергия ресурстарының қымбаттауы әсер еткен. Газ тарифтері өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті, мұнай өнімдерінің бағасы да біршама көтерілген. Байланыс және көлік қызметтері де қымбаттаған. Әсіресе әуе тасымалының құны 7%-ға өсті. 

Патрис, зейнеткер:

- Бұл күнделікті өмірімізге әсер етеді. Газ, электр энергиясы, бензин шығындары ғана емес, өндірісі мен тасымалы мұнайға тәуелді азық-түлік бағасы да өсіп жатыр. Барлығы өзара байланысты. Таяу Шығыс пен Украинадағы жағдай сақталып тұрған кезде бұл, әрине еуропалықтар үшін ауыр жағдай. Сондықтан шығындарымызға мұқият қараймыз. Қазір жаз болғандықтан жылыту қажет емес. Алайда қыста жағдай қиындай түсуі мүмкін.

Филипп, гүл дүкенінің иесі:

- Иә, бағалар тоқтаусыз өсіп жатыр. Біздің жұмысымыз энергия мен тасымал шығындарына тікелей байланысты болғандықтан, жанармайдың қымбаттауы гүлдердің бағасына да әсер етеді. Өсім нақты қанша екенін айту қиын, шамамен жылына 2–3 пайыздай. Адамдардың сатып алу әдеті де өзгерді, сондықтан табысымыз азайып келеді. Бірақ жеңілдік жасауға да мүмкіндік жоқ.