Британия Ресейдің мұнай танкерін ұстады
Ұлыбритания Ламанш бұғазында Ресейге тиесілі деген мұнай танкерін ұстады. Бұл туралы Біріккен Корольдіктің премьер-министрі Кир Стармер мәлімдеген.
Оның айтуынша, бұл Британияның Еуропа елдерінің санкциясына іліккен Ресейдің мұнай танкерлерін ұстау бойынша алғашқы операциясы. Әскер тікұшақпен келіп, кеме ішінде 6 сағат бойы тінту жасаған. Экипаж мүшелері қарсылықсыз берілген. Барлау мәліметіне сәйкес, аталған танкер Ресейдің Қиыр Шығыстағы Козьмино айлағында тіркеуде тұрған және 2025 жылдың наурызынан бері мұнай өнімдерін тасымалдап жүр.
Том Куинн, Ұлыбритания патшалық теңіз әскері 42-командосының командирі:
- Біз бұл операцияға ұзақ дайындалдық. Кемеде 25 экипаж мүшесі болды. Олар қазір Ұлттық қылмыс агенттігінің қарауында. Кемені қауіпсіз жерге апардық. Британия Ресейдің көлеңкелі флотының танкерін алғаш рет құрықтады.