Әлемде су дағдарысы күшейіп барады

Әлемде су дағдарысы барған сайын күшейіп барады.

Тіршілік нәрі тапшылығы тек тұрмыстық мәселе емес, азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуға қауіп төндіреді. Десе де, Біріккен Ұлттар Ұйымы мәселені бақылауға алса, оңтайлы шешімін табуға болатынын алға тартады. 

Әлемде су тапшылығынан дағдарыс басталып кетті. БҰҰ биыл жыл басында осы тақырыпта шұғыл саммит өткізді. Ұйым кейінгі 100 жылда су ресурстарына қатысты мұндай халықаралық, ауқымды әрі шұғыл жиынды екінші рет қана өткізіп отыр. Алғашқысы Аргентинада 1977 жылы болған еді. Содан бері жер шарымызда аумағы 410 миллион гектар, яғни Еуропалық Одақ аумағындай болатын сулы-батпақты алқаптар мүлдем жойылып кеткен. Ал 1990 жылдардың басынан әлемдегі ең ірі өзендердің тең жартысының түбі таяздана бастаған. 

Кавех Мадани, БҰҰ су ресурстары, қоршаған орта және денсаулық институтының жетекшісі: 

- Біз қоршаған ортаны оны қалпына келтіру мүмкіндігі шегінен асыра ластап алдық. Әсіресе суға, атап айтқанда, жерасты су қабаттарына, сулы-батпақты алқаптарға, топырақтарға, өзен-көлдерге және мұздықтарға аса үлкен зиян келді. Дүние жүзінде 2 миллиардтан астам адам ауыз суға зәру. Ал әлем халқының ¾ бөлігі тіпті қара суға зар болып отыр. 

Жағдай әсіресе Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Оңтүстік Азия мен Американың оңтүстік-батысында қиындап барады. Өйткені онда күн райы да өмір сүруге қолайсыз. Миллиондаған тұрғынның халі мүшкіл. Ал Кабул таяуда мүлде сусыз қалған мемлекеттің астанасы атануы мүмкін. 

Халназар Арбаби, шаруа :

- 2 сиырымыз, тағы он шақты қой мен қозымыз бар. Негізгі күн көрісіміз осылар. Малымыз болмаса баяғыда-ақ аштан қататын едік. Биыл қуаңшылық қатты болды. Егін еге алмадық, жайылым да онша болмады. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы болмаса малға беретін жем-шөбіміз таусылуға жақын еді.

Экологтар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке бағытталған су көлемі тым көбейіп барады деп дабыл қағып жатыр. Салдарынан теңіздерге жететін табиғи ағын азайып, су балансы бұзылған. Мамандар бұл үрдіс жалғаса берсе, айдындардың суы тартылып, тұзды дауылдар, биоалуандылықтың жойылуы және аймақтық климаттың өзгеруі секілді ауыр экологиялық ахуал қалыптасатынын ескертеді. 

Цитата, ISKİ, Ыстамбұл су және кәріз басқармасы 

Бурсадағы судың 10%-ы және Анкара мен Ыстамбұлдағы судың 1%-ы жер астынан келеді. Олардың қорлары әлі де бар, бірақ сарқылып барады. Егер жағдай өзгермесе, Түркия 20-30 жыл ішінде су тапшылығы бар елге айналуы мүмкін.

Түптеп келгенде аштықтың да, көші-қон мен климаттық өзгерістің де басты себебі су тапшылығынан. Тіршілік көзіне мұқтаждық алда үлкен талас пен бәсекелестікке ұласып, айдын көлдер мен теңіздердің таяздануы арта түспек. Ал бұл олқылықты түзеу үшін су ресурстарын тиімді әрі тұрақты басқару саясатын күшейту қажет, дейді мамандар. 

Нұрбике Жігер