Қытайда халықаралық кітап көрмесі өтіп жатыр
Қытайда Beijing International Book Fair – 2026 іс-шарасы басталды.
Халықаралық кітап көрмесінде биыл Қазақстанның ұлттық павильоны алғаш рет таныстырылды. Елімізден бірнеше баспа қатысып, өз өнімдерін ұсынып жатыр. Олар әлемнің жетекші баспагерлерімен кездесіп өзара тәжірибе алмасады.
Бейжің халықаралық кітап көрмесі баспа әлеміндегі ең ірі әрі маңызды оқиғалардың бірі. Көрме-жәрмеңке 32 жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл дүние жүзінің жетекші баспаларымен байланыс жасап, тиімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін алаң. Биыл Қазақстанның атынан бірқатар баспа қатысып жатыр. Олар өздерінің бірнеше тілде басылған үздік кітаптарын іс-шара кезінде таныстырды.
Нұрайна Сәтпаева, жазушы, драматург:
- Көп мүмкіндік береді. Біз қазір 1-2 күнде баспалармен таныстық. Оларда қызығушылық бар біздің кітаптарға. Енді мен үміттенемін біздің кітаптарды басқа тілдерге аударады. Сосын біздің Қазақстан туралы басқа адамдар жақынырақ біледі. Біздің кім екенімізді.
Жәрмеңкеге 82 мемлекеттен 1700 баспагер қатысып өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында қазақтың ұлы тұлғалары, салт-дәстүрі, балаларға арналған танымдық оқулықтары да бар. Әсіресе төл мәдениетімізді танытуға бағытталған шығармаларға басымдық берілген. Отандық кітаптар қытайлық оқырмандардың қызығушылығын тудырды.
Сон Мишия, қытай жазушысы, редактор:
- Қазақстанның кітаптарын көріп шықтым. Көркемдігі мен эстетикалық сұлулығы маған қатты әсер етті. Қазіргі кезде адамдардың кітап оқуы азайғандай көрінгенімен бұл кітап нарығының әлеуеті төмендегенін білдірмейді. Керісінше оқырмандардың жаңа оқу дағдыларына бейімделіп, осындай әсем безендірілген кітаптарды көбірек шығару керек. Ол жастардың қызығушылығын арттырады.
Алмас Ахметбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, әдебиеттанушы:
- Қандай салада басу керек. Жұртқа қандай кітап ұсыну керек. Қандай ғылым, қандай білім ұсыну керек. Осы мәселенің бәрін көріп, біздің баспагерлеріміз, дизайнерлеріміз, баспаның бағытын айқындайтын азаматтар көп нәрсе алып барады деп ойлаймын. Мұндай бола аламыз біз. Әсіресе біздің президентіміз осындай қаулы шығарып үлкен мүмкіндік беріп жатқан жағдайда жұмыс істеуге болады.
Жалпы Beijing International Book жәрмеңкесіне қатысу қазақстандық авторлар мен олардың шығармаларын халықаралық аренада танытуға жол ашады. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің танымалдылығын арттырып, жаңа оқырмандар мен инвесторлар тартуға мүмкіндік береді.
Руслан Бақытбекұлы