Франциядағы аптап ыстық: 25 жылдағы рекорд
Францияда соңғы 25 жылда болмаған аптап ыстық тіркелді. Елдің 49 департаментінде ең жоғары – қызыл деңгейдегі қауіп жарияланды.
Кей өңірлерде ауа температурасы 40 градустан асқан. Жүздеген мектеп жабылып, емтихандар кейінге шегерілді. Ал суға шомылу кезінде 13 адам қаза тапқан соң қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Бұл – Париждің 10-шы округіндегі Сен-Мартен каналы. Биыл Париждегі аптап ыстыққа байланысты мұнда шомылу маусымы әдеттегіден ертерек ашылды. Енді күн сайын 3тен - 9ға дейін тұрғындар құтқарушылардың бақылауымен осы арнайы жабдықталған 100 метрлік аумақта суға түсе алады. Осындай каналдар мен бассейндер – аптап ыстықтың салдарын жеңілдетуге бағытталған шаралардың бірі. Қала бойынша жүздеген «салқын аймақ» ұйымдастырылған. Олардың қатарында саябақ, мұражай, кітапхана мен өзге де қоғамдық орындар бар. Бұдан бөлек, үйсіз-күйсіз жандар мен жалғыз тұратын қарттарға көрсетілетін көмек те күшейтілді. Франция билігі 2003 жылғы алапат ыстықтың қайғылы зардабы қайталанбас үшін барлық қажетті шараларды қолға алып жатыр. Сол жылы аптап ыстықтан елде 14 мыңнан астам адам көз жұмған еді. Биылғы кезеңде синоптиктер абсолютті рекорд тіркеді. Демек 2001 жылы бақылау жүйесі енгізілгелі бері Франция аумағының мұншалықты үлкен бөлігі бір мезетте қызыл қауіп деңгейіне өткен емес. Бұған Батыс Еуропаны басып тұрған қуатты антициклон себеп. Соның салдарынан күн батқаннан кейін де ауа температурасы 25 градустан төмен түспей тұр. Ел бойынша 800-ден астам мектеп жабылып, емтихандар кейінге шегерілді. Жергілікті тұрғындар мен туристер де жоспарларын өзгертуге мәжбүр.
Элен, Париж тұрғыны:
- Иә, шынында да, күн өте ыстық. Мен балмұздақ алып, салқындау үшін канал жағасына келдім. Өзіммен бірге үнемі су спрейін алып жүремін. Осы жерде бүгінге дейін екі рет шомылып үлгердім. Ал егде жастағы туыстарыма келсек, олар Парижде тұрмайды. Біз үнемі хабарласып, жағдайларын сұрап, көмек қажет пе екенін біліп отырамыз.
Тьери, Париж тұрғыны:
- Жоқ, мен бұл каналға түспеймін. Суы лас. Ал аптап ыстыққа үйренгенмін. Өзім Францияның оңтүстігіненмін, испандықпын. Мұндай ауа райыға үйренгенбіз. Ең бастысы – көп су ішу, күннің астында ұзақ жүрмеу және мүмкіндігінше аз қозғалу.
21 маусымда Францияда жыл сайын өтетін ең ірі мәдени шаралардың бірі – Музыка күні де аптап ыстықтың шарықтау кезеңімен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан билік ашық аспан астындағы концерттерге рұқсат берді. Алайда ресми іс-шараларда алкоголь өнімдерін сатуға және ішуге тыйым салынды.
Айта кетейік, Париж аптап ыстыққа өте осал қалалардың бірі. Себебі қала тығыз салынып, ғимараттардың басым бөлігі тастан тұрғызылған, әрі тарихи және экологиялық себептерге байланысты ауа мұздатқыштар кең таралмаған. Сондықтан билік жаппай кондиционер орнатуға емес, балама шешімдерге басымдық береді. Синоптиктердің болжамынша, 40 градусқа дейінгі аптап ыстық Францияның басым бөлігінде кем дегенде апта соңына дейін сақталады, ал кей өңірлерде одан да ұзаққа созылуы мүмкін.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан