Таиландтағы өрттен 27 адам қаза тапты
Бангкоктағы Na Ladprao пабында жойқын өрт шығып, кем дегенде 27 адам қаза тапты, деп хабарлайды «24KZ» РБК басылымына сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, бұл туралы Associated Press агенттігі жергілікті билік берген мәліметке сүйеніп хабарлады.
Төтенше жағдайлар қызметіне өрт туралы хабарлама түн ортасында түскен. Өртсөндірушілер тілсіз жауды жарты сағаттың ішінде ауыздықтады, өрттің шығу себебі әзірге белгісіз.
Таиланд премьер-министрі Анутхин Чанвиракунның айтуынша, 27 адам мерт болып, тағы бірнеше жараланған адам ауруханаға жеткізілген. Ол көптеген мәйіт дәретханадан табылғанын нақтылады.
Сонымен қатар Reuters агенттігі билік өкілдеріне сілтеме жасап, өрт салдарынан 63 адамның зардап шеккенін хабарлады.
Чанвиракунның сөзінше, барда өнер көрсеткен музыкант сахна жанындағы ажыратқыштан түтін шыққанын көргенін айтқан. Осыдан кейін тарсыл дыбысы шығып, ғимарат ішін түтін басқан және мекемеде электр жарығы сөніп қалған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз