Еуропадағы үйлер күннің ыстығына төтеп бере алмай жатыр
Әлемде аптап ыстықтың беті қайтар емес.
Ал Еуропаның көз жауын алар сәулетті үйлері жоғары температураға шыдай алмай жатыр. Тұрғындар ыстықтан қорғану үшін тың тәсілдер қажет екенін айтады. Өз кезегінде сарапшылар жаһандық жылыну кезеңінде кәрі құрлық қалаларын климатқа сай қайта бейімдемесе, жағдай мүшкіл болатыны ескертіп отыр.
Батыс Еуропаның берекесін қашырған аптап ыстық күтпеген мәселелерді айқындап берді. Ондаған жыл бойы қыс мезгілінде жылуды сақтауға лайықталып салынған тұрғын үйлер жоғары температураға бейімделмеген болып шықты. Парижде термометр бағаны 40 градус көрсеткіштен асқан кезде метал шатырмен жабылған үйдің төбелері қатты қызып кеткен. Сол себепті халық күн сәулесінен қорғану үшін терезеге жұқалтыр (фольга) жабуға мәжбүр.
Улисс Закари, Париж тұрғыны:
- Бұл өте қиын. Ыстықтан қорғану үшін терезелерді ашып, желдеткіш қосып, ұйықтар алдында суға шайынуға тура келеді. Тіпті дымқыл сүлгілерді жамылып ұйықтаймын. Адам аптап ыстықтан өзін өте жайсыз сезінеді. Жұмыс істеп, бір нәрсеге көңіл бөлу де мүмкін емес.
Осыған ұқсас жағдай Лондонда да байқалады. Ескі викториандық үлгідегі үйлердің тұрғындары қабырғалар қыстағы жылуды ғана емес, жазғы аптапты да ұзақ сақтайтынына шағымданады. Алайда ғимараттарды жаппай салқындату мәселені шешпейді. Сарапшылардың айтуынша, электр энергиясын тұтынудың күрт артуы электр желілеріне шамадан тыс күш түсіріп, климаттық дағдарысты одан әрі ушықтыруы мүмкін.
Оливер Хоррокс, Лондон тұрғыны:
- Меніңше, мәселе жекелеген үйлерде ғана емес. Қаланың өзі әу бастан мұндай жоғары температураға бейімделмеген. Мұны басқа елдерге барғанда анық байқайсың. Олардың инфрақұрылымы ыстықпен күресу үшін әлдеқайда жақсы жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйелі мәселе. Олар ыстықпен күресу шаралары ретінде терезе қақпақтары мен желдету жүйесін орнатуды және күн сәулесін шағылыстыратын материалдарды пайдалануды ұсынады.
Анна Мавроджанни, экологиялық жобалау және инженерия институтының профессоры:
- Бізге тек үйлерді ғана емес, тұтас қалаларды сапалы жобалау қажет. Ғимараттардың қатты ысып кетуінің алдын алуға болады. Ол үшін жобалау кезінде Күннің бағытын, табиғи желдетілуін және қолданылатын құрылыс материалдарын ескеру керек. Қалалық микроклимат та өте маңызды. Ағаштар, саябақтар және көшелердің сауатты жоспарлануы ауа температурасын төмендетуге әрі ғимараттарды шамадан тыс қызып кетуден қорғауға көмектеседі.
Еуропадағы экстремалды ауа райы жаһандық жылынудың салдары. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде күн райының тосын мінезіне тап болу ықтималдылығы 20 жыл бұрынмен салыстырғанда 200 есе жоғары. Климаттың өзгеруі барған сайын үдей түсуде. Сондықтан қала инфрақұрылымымен қатар қоғамды да жоғары температураларға бейімдеу қажет. Әйтпеcе мұның салдары тым ауыр болмақ.
Мөлдір Жақан