Еуропа әскер санын көбейтіп жатыр

Германия жастары әскерге баруға құлықсыз. Елде азаматтық борышын өтеуден бас тартқандардың саны көбейді.

Бұл туралы Отбасы ісі және азаматтық қоғам федералды басқармасы хабарлады. Бұған дейін Қорғаныс министрі Германия жауынгерлік әзірлігін күшейтіп, аймақта қақтығыс басталған жағдайда жедел әрекет етуге дайын болуға тиіс деп бірнеше мәрте ескерткен еді. Берлин Еуропадағы ең мықты әскер құруға талпынады. 2035 жылға қарай әскер санын 260 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.Сондай--ақ биыл қорғанысқа рекордтық 124,7 миллиард еуро бөлді. Бұдан көп қаржы жұмсаған Құрама Штаттар ғана. Жалпы Германия ғана емес, геосаяси жағдай ушыққан сайын қазір өзге елдер де қайта қарулануға, әскери әлеуетін күшейтуге бет бұрып жатыр. Ал сол қаруды қолға ұстап, ұрыс алаңына аттануға жастар бейіл ме?

Германия жастары әскерге баруға құлықсыз 

Биыл Германияда әскери қызметтен бас тартқандардың саны күрт артты. Алғашқы жартыжылдықта тұрғындардың тарапынан 6 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Салыстыру үшін былтыр әскерден бас тартушылардың жыл бойғы көрсеткіші 4 мың адамға, ал 2024 жылы 3 мың адамға жуықтаған. 2011 жылы елде міндетті әскери қызмет тоқтаған болатын. Ал биыл Бундесверге, яғни Германия Федеративті Республикасының Қарулы күштеріне шақыру реформасы туралы заң қабылданды. Нәтижесінде келер жылдың шілде айынан бастап 18 жасқа толған азаматтар өз еркімен борышын өтегісі келмесе де, әскери қызметке жарамдылығын анықтайтын медициналық тексерістен өтуге міндеттеледі. 2035 жылға қарай Германия әскер санын 186 мыңан 260 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.

Хеннинг Отте, Бундестагтың әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкілі:

- Германия Қарулы күштерінің басты әрі өзекті мәселесі – жеке құрамның тапшылығы. Егер ерікті әскери қызметке келушілер саны жеткіліксіз болса, келесі қадам ретінде міндетті әскери қызметті қайта енгізу қарастырылады.

Тақауда Германия үкіметі елдің қорғаныс қабілетін нығайту жоспарлары аясында резервтегі әскери қызметшілерді оқу--жаттығудан өту үшін міндетті шақыруға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Парламент құжатты жазғы демалыстан кейін қарайды. Ал Қорғаныс министрлігі заң келесі жылдың басында күшіне енуі мүмкін деп отыр.

Еуропа әскер санын көбейтіп жатыр

Әскер санын көбейту Германия ғана емес, күллі Еуропада белең алған үрдіс. Өйткені Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты ел қауіпсіздігіне қысым күшейді. Франция, Италия және Бельгия ерікті әскери қызмет жүйесін кеңейтіп жатыр. Алдағы төрт жыл ішінде Франция жалпы әскери құрам санын 330 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал Скандинавия және Балтық елдері міндетті әскери қызмет жүйесін күшейтуде. Мәселен, Дания сарбаздардың санын арттыру мақсатында былтырдан бастап міндетті әскери қызметті алғаш рет әйелдер үшін де енгізді. Дания заңнамасына сәйкес, денсаулығы жарамды 18 жастан асқан ер азаматтар әскери қызметке шақырылады. Ерлер мен әйелдердің бір бөлігі әскерге ерікті түрде жазылады, ал қалған орындар лотерея жүйесі арқылы толықтырылады. Бұған дейін бұл жүйе тек ерлерге ғана қолданылса, енді әйелдерді де қамтиды.

Катрин, Роскилле тұрғыны:

- Әлемдегі геосаяси жағдайды ескерсек, менің ойымша, бұл өзгерістер қажет. Әйелдердің ерлермен тең дәрежеде әскери қызметке қатысқаны әділ шешім деп есептеймін. Алайда бұған қатысты кейбір қиындықтар да бар. әскери киімдердің өлшемдері көбіне әйелдерге сай келмейді. Түрлі жабдықтарды көтеріп жүру де оңай емес. Бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге тура келеді.

Әлем әскери шығындарын көбейтіп жатыр

Былтыр дүниежүзіндегі әскери шығындар шамамен 2,9 триллион долларға жетіп, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ын қамтамасыз етті. АҚШ, Қытай, Ресей, Германия және Үндістанның үлесіне әскери шығындардың 58%-ы тиесілі болды. Әрі қарай тізімді Ұлыбритания, Украина, Сауд арабиясы, Франция және Жапония жалғайды. Жапония кейінгі 14 жыл қатарынан қорғаныс бюджетін жоғары қарқынмен ұлғайтып жатыр. Биыл рекордтық 10,6 трлн иен жұмсамақ. Қару экспортына қойылған шектеулерді де жеңілдетті. Биліктің бұл шешіміне жергілікті халық наразы. Өйткені ол  ұлттық мүддеге қарсы. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан соң, Жапония Конституциясына 9-шы бап енгізілді. Бұл бапқа сәйкес, мемлекет соғыстан халықаралық дауларды шешу құралы ретінде бас тартады. Алайда қазір билік Конституцияға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отыр.

Токио тұрғыны:

- Жапония соғыстың зардаптарын терең түсініп, соның негізінде бейбіт қоғам құрып, құндылықтар жүйесін түбегейлі өзгертуі керек еді. Алайда қазір соғыстан пайда табуға бағытталған саясат жүргізіліп жатыр. Бұған мүлде жол беруге болмайды.

Әлем елдері осымен тоқтап қалмақ емес. Мәселен, алдағы 10 жылда NАТО-ға мүше мемлекеттер өздерінің жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын қорғанысқа жұмсауға тиіс. Алайда басты ресурс – адами капитал. Қару-жарақтың түр-түрі көбейіп, әскерге қыруар қаржы бөлініп жатқанымен, сол қаруды қолға алып, ұрыс алаңына аттануға халық құлықсыз.