Жаһандық жылыну салдары
Аптап ыстық әлем елдерін де әбігерге салды.
Өткен айда кәрі құрлықта ми қайнатар ыстық тұрып, өлім-жітім көбейді. Ал Азия құрлығының көп бөлігінде жаңбыр нөсерлетіп, өзендер тасып, бірталай елді мекенді су басып жатыр. Жалпы мұндай табиғи апаттан жыл сайын бір жарым миллиард адам зардап шегеді екен. Ғалымдар климаттың өзгеруі жағдайды одан сайын ушықтыра түсетінін айтады.
Нұрбике Жігер, тілші:
- Қазір әлем елдерін әбігерге салып жүрген табиғи апаттарға көбіне Эль-Ниньо климаттық құбылысы себеп.
Оның салдарынан күн қатты ысып, жан шыдатпай кетуі де, жаңбыр селдетіп, тұрған мекенің мен басыңдағы баспанаң ілезде су астында қалуы да ықтимал. Ғалымдар жағдайға адамның да әсері бар дейді.
Альваро Силва, дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ғалымы:
- Эль-Ниньо Тынық мұхитының экваторлық бөлігінде судың қалыптан тыс жылынуынан туындайды. Бұл құбылыс бірнеше жыл сайын қайталанып отырады. Оның әсерінен жаһан бойынша ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері өзгереді. Бұл негізінен табиғи құбылыс. Бірақ қазір ол адам әрекетінен ұзақ мерзімді климаттық өзгерістерге себепші болып отыр.
Таяуда Азия елдеріне жойқын Бави тайфуны соқты. Миллионға жуық Жапония тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Көлік қатынасы тұралап, 200-ден астам әуе рейсі мен бірнеше өңірде пойыз қозғалысы тоқтатылды. Бірқатар ірі автомагистраль уақытша жабылды. Кейінгі дерек бойынша, Бангладештің оңтүстік-шығысындағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 51 адамға жеткен. Онда өзендер арнасынан асып, ондаған елді мекен су астында қалды.
Сехио Марма, жергілікті тұрғын:
- Жаңбыр нөсерлетіп, тасқын жүріп, баспанамызды су басып жатқанына 4 күн болды. Құнды жиһазым мен басқа да мүлкім бүлінді. Қазір көршілерімізбен бірге үйімізді тазалап, судан аман қалған дүниемізді жинастырып жатырмыз. Кейінгі бірнеше күн бойы дұрыс тамақтана алмай, ашқұрсақ жүрміз.
Лю Син, жұмысшы:
- Бұл жойқын тайфун. Біз басқа қаладан арнайы келіп, жергілікті тұрғындарға көмектесіп жатырмыз. Жағалауға жақын маңдағы дүкендердің айналасына 380 қап құм орналастырдық. Тағы, есік-терезелерді ағаш тақтайлармен бекітіп қойдық.
Маусым мен тамыз аралығы Үндістанда да қауіпті кезең саналады. Ақжауын тоқтамай қыркүйекке дейін жауады. Жақында 12 миллионнан астам адам тұратын Мумбай шаһарын су басып, салдарынан 17 адам опат болды. Ғалымдар Ресейде де бұдан былай алапат тасқындар жиілеп, тіпті қалыпты жағдайға айналады деп отыр. Қазір Орынбор, Қорған мен Челябіні және Башқұрстанды су басып жатыр. Мамандар мұндай құбылыс 10 жыл бұрын мүлде сирек болатын еді дейді. Дағыстанның оңтүстігінде нөсер соңы лай көшкіне ұласып, 60 елді мекенмен көлік қатынасы үзілген. Тағы 62 ауылда 36 мың адам электр жарығынсыз қалды.
Владимир Пургин, Ресейдің Свердлов облысы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі бас басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Маусым айының соңы мен шілде айының басындағы толассыз жауын-шашын салдарынан 525 жеке тұрғын үйді, 63 саяжайды және 5116 жер телімін су басты. Тағы 6 жол учаскесі мен 10 көпірді шайып кетті. Көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін айналма жолдар ұйымдастырылып жатыр.
Мамандар кей аймақтарда нөсер жауын мен су тасқынының жиілеуі 2028 жылға дейін созылуы мүмкін деп отыр. Сондықтан әлем елдерін табиғи апаттарға дайындықты күшейтіп, ерте ескерту жүйелерін жетілдіруге басымдық беруге шақырады. Ал климаттың өзгеруінің салдарын азайту үшін жаһандық деңгейде парниктік газдар шығарындысын қысқартып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шараларды жеделдету қажет дейді.
Нұрбике Жігер, Абдулхамит Бөлекпаев