Өзбекстанда аптап ыстықтан балабақшалардың жұмысы тоқтады
Өзбекстанның бірнеше аймағында аптап ыстықтан балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір көрші елде термометр бағанасы 45 градустан төмен түспей тұр.
Қалааралық пойыздардың да жылдамдығы азайтылды. Себебі өрт шығу қаупі жоғары. Синоптиктер аптап ыстық ай соңына дейін сақталатынын айтады.
Мәтін: Дүниежүзілік банк келтірген деректерге сүйенсек, 2050 жылы Орталық Азия мен Еуропаның кейбір мемлекеттерінде ыстық күндердің саны 70-ке дейін ұзарып, температура 50 градустан төмендемейді. Бұл адам өміріне қауіп төндіріп, өлім- жітімді көбейтуі мүмкін. Биыл Өзбекстанда 100 жылда тіркелмеген аптап ыстық тұрғындардың мазасын алды.
Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласының тұрғыны:
- 65 градус ыстық болып жатыр. Кеше интернеттен көріп жатырмын 2050 жылға қарай тіпті ысиды деседі. Бұның келешекте адам өміріне қаупі бар деп ойламын. Ыстықта тек кондиционер ұстап тұр. Көшеде ешкім жоқ. Кешке де ыстық болып жатыр.
Узгидромет орталығының мамандары ауа райының жылдан жылға өзгеріп келе жатқанын бақылап отыр. Ыстық климат адамдардың тұрмыс- тіршілігіне кері әсерін тигізіп, экономикаға қосымша салмақ салады.
Еркен Аблахатов, «Узгидромет» орталығының ғылыми қызметкері:
- Бізде биыл мамыр айында тарихта тіркелмеген ыстық температура болды. Көктемдегі 45 градустық ыстық күндер адамдардың денсаулығына әлбетте әсер етті. Депрессияға ұшырап, көп ауруларды қоздырады. Бұл бізге берілген сигнал. Демек 2050 жылға дейін климаттың өзгеруін күтіп отырмай, әрекет етіп, жаңа технологияны дамыту қажет.
Өзбекстанның бірнеше аймағында аптап ыстыққа байланысты балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ елде электр энергиясын 2-3 сағатқа сөндіру қалыпты жағдайға айналды. Себебі жарықты тұтыну көрсеткіші әдеттегіден 1,8 пайызға көбейіп отыр.