Желіде адам саудасы жиіледі 

Ғаламдық желіде адам сатылып жатыр. Интерпол осындай қылмысқа қатысты мыңнан астам күдіктіні ұстады.

Мұндай топтар 59 елде адамдарды құлға айналдырып жұмысқа жеккен, қайыр сұратқан, жыныстық және қылмыстық әрекеттерге мәжбүрлеген. Қазір 465 қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Дерекке қарағанда 2 мыңнан астам адам әлеуметтік желілер мен ашық сайттар арқылы алаяқтардың арбауына түскен. Жәбір көргендердің арасында кәмелет жасқа толмаған балалар да бар. 

Бүгін – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Адам саудасы – ауыр қылмыс. Десе де бұл әрекет әлі күнге тыйылмай тұр. Керісінше, қылмыскерлер әдіс-тәсілдерін өзгертуге көшті. Бүгінде олар адамды артынан аңдымайды. Желіде отырып-ақ, айласын асырады. Көбіне шетелде жалақысы жоғары жұмыс ұсыну арқылы алдайды. Кейін оларды мәжбүрлі еңбекке, түрлі заңсыз әрекеттерге итермелейді. Қазір осындай жағдайлар жиілеп кеткен. Әсіресе Латын Америкасында. Интерпол таяуда Бразилияда адам саудасымен айналысқан трансұлттық желіні әшкереледі. Нәтижесінде 406 адам құтқарылды. Оның 83-і Бразилия азаматы. 323 адам өзге елдерден. Ал Аргентинада қара жұмысқа жегілген боливиялық екі бала табылды.

Майя Симек, Кейс Вестерн Резерв университеті заң факультетінің адам саудасымен күрес жөніндегі бөлім директоры:

- Қоғамда адамдардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Бірі ақшадан қиналуы мүмкін. Ал енді бірі жұмыс таппай сенделіп, күні түні ғаламторға телміріп бос жұмыс орындары туралы хабарландыруларды ақтарып отырады. Жайлы, жалақасы жоғары жұмыстан ешкім қашпайтыны анық. Алайда жұмыс берушінің алаяқ екенін сол сәтте аңғару қиын. 

Осы айдың басында Интерполдың бастамасымен 465 жаңа тергеу ісі ашылды. Соның нәтижесінде 80 жалған құжат тәркіленді. Қылмысқа қатысы бар 1024 адам қамауға алынды. Ал 2070 адам алаяқтардың құрығына іліккен. Басым бөлігі жыныстық зорлық, мәжбүрлі қылмыс, еркінен тыс жұмысқа жегу, қайыр сұрау сынды әрекеттерге тартылған. 

Адам саудасы қазірде әлем елдерінде белең алып, заңсыз пайда көзіне айналды. Ұйымдасқан қылмыстық топтар жыл сайын жүздеген миллиард доллар табысқа кенеледі. Ал оның құрбаны болған адамдар, құлдықтың зардабын өмір бойы тартады. Бұл адам құқығының тапталғанын көрсетеді. Қылмыстық топтар әлемде болып жатқан қақтығыстар, көші-қон, экономикалық өзгерістер, геосаяси оқиғалардан үнемі хабардар болып, соған сай әрекет етеді. 

Бүгінде әлемде 50 миллионнан астам адам құлдықта өмір сүреді. Халықаралық көші-қон ұйымының дерегіне сүйенсек, 125 мың адам осындай сауда ның құрбанына айналған. Оның 30 мыңы бала. 

Авторы: Фариза Жанғанаева