АҚШ Қытайдың гуманоид роботтарын импорттауға тыйым салды
Көп ұзамай ас суыңды өзге біреу әзірлеп, әйелің үшін бөтен біреу іс тігіп, болмаса үй жинап жатса таң қалмайтын боласыз.
Енді бірер жылда бай манаптар ғана емес, жұрттың көбі үйінде осындай құлттемір ұстай бастайды. Өйткені әлемнің көптеген елі адам іспетті роботарды жарыса жасап жатыр.
Трамп әкімішлігі шетелдік гуманоидтарды импорттауға шектеу қойды. Бұл тыйымның мақсаты да белгілі. Адам тәріздес роботтарды әсіресе Қытай жаппай өндіруге көшкен. Ал Қытай АҚШ үшін басты бақталас. Билік бұл шешімді АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерге балайды. Қытай биылдың өзінде 10 миллионнан астам робот экспорттады және өндіріс көлемін артыра түспек.
АҚШ гуманоид роботтар импортын шектеді
Трамп әкімшілігі Қытайда жасалған жаңа гуманоидтар мен төрт аяқты роботтарды АҚШ--қа кіргізуге тыйым салды. Ақ үйдің мәліметіне сәйкес, бұл шешім америкалық жасанды интеллект саласын қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Шектеу роботтардан бөлек, деректерді өңдеу орталықтары мен күн энергетикасы жүйелерінде қолданылатын қуат инверторларына да қатысты. АҚШ Федералды байланыс комиссиясы,, қытай технологиялары деректерді ұрлап, кибершабуылдарға баруы мүмкін деп қауіптенеді.
Брендан Карр, Байланыс жөніндегі федералды комиссия төрағасы:
- Агенттік Құрама Штаттардың аса маңызды жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшін салып жатыр. АҚШ-тан тыс жерде өндірілген роботтарды пайдалану қаскөйлерге америкалықтарды бақылауға, шетелдік барлау қызметтерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге немесе роботтарды қашықтан басқаруға мүмкіндік беруі ғажап емес. Ал шетелде өндірілген инверторларды пайдалану деректерді ұрлауға, бақылау жүргізуге немесе кибершабуылдар жасауға мүмкіндік беруі ықтимал.
Вашингтондағы Қытай елшілігі АҚШ-тың бұл әрекетіне наразы. Бейжің мұндай шектеу Қытайдың ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірсе, жауап ретінде тиісті шаралар қабылдайтынын ресми мәлімдеді.
Қытай робот өндірісі бойынша көш бастап тұр
Қытай әлем бойынша гуманоид роботтарды шығарудан көш басында тұр. Робот өндірісінің 80%-нан астамы шығыстағы көршіміздің үлесінде. Салада өз орнын сақтап қалу үшін Бейжіңнің басты бәсекелесі Вашингтон Қытайға америкалық озық жартылай өткізгіштерді сатуға тыйым салды. Сондай-ақ Қытай электр көліктерінің ең ірі экспорттаушысы болғанымен, жоғары кедендік баж салығына байланысты АҚШ нарығына шыға алмай отыр. Сарапшылардың пікірінше, Құрама Штаттар Қытайдағы жасанды интеллектінің дамуын шектеуге тырысқанымен, бұл саясат түбінде кері әсер беріп, Қытайдың осы саладағы инновацияларын жеделдетуге ықпал еткен.
Сэм Доус, Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:
- Шын мәнінде, экспорттық бақылау АҚШ күткен нәтижені бере алмады. Керісінше, Қытайдың озық жасанды интеллект модельдерін дамытуда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатқанын көріп отырмыз. Қытай жасанды интеллект саласында дамудың анағұрлым инновациялық тәсілдерін тапты. Қытай гуманоид роботтар жасау бойынша әлемде көш бастап тұр және бұл бағытта АҚШ-тан көш ілгері.
Кедендік статистикаға сәйкес, биыл Қытай жалпы құны шамамен 3 миллиард доллар болатын 10 миллионнан астам роботты экспорттаған. Бұлар әлемнің 150-ден астам мемлекетіне жеткізілді. Негізгі бағыттар – Еуроодақ пен Оңтүстік Шығыс Азия елдері. Әсіресе үй тазалайтын роботтарға сұраныс жоғары. Олардың экспорт көлемі 2 миллиард долларға жуықтаған.
Әр үйде робот-көмекші болады
Сарапшылардың болжамына сүйенсек, алдағы 10 жылда гуманоид--роботтардың 62%--ын адамдар өзіне көмекші ретінде жалдайтын болады. Адам тәріздес роботтар қазірдің өзінде күнделікті үй шаруаларын қиындықсыз атқарады. Киім жинап, қоқыс төгіп, тамақ әзірлейді. Тіпті, иненің жібіне дейін сабақтайды. Ал америкалық кәсіпкер Илон Маск енді бір бес жылда жасанды интеллект күллі адамзат баласының ақыл-ойынан асып түсуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, жақын болашақта жұмыстың басым бөлігін роботтар мен жасанды сана жүйелері атқарады.
Тао Линь, Tesla компаниясының вице-президенті:
- Гуманоидты роботтарды адамдардан айнытпай жасап шығару маңызды. Осының арқасында олар қоршаған ортаға еш қиындықсыз бейімделе алады. Роботтар адамдармен тығыз байланыста болып, біздің өмірімізді әлдеқайда жеңілдететінін дәлелдеп жатыр.
Бүгінде мемлекеттер мен инвесторлар жасанды интеллектіге қыруар қаржы бөліп жатыр. Америкалық «Гартнер» компаниясының дерегіне сәйкес, биыл салаға жұмсалатын жаһандық шығын шамамен 47%-ға өсіп, 2,5 триллион доллардан асады.