Әйел адам өз құрбысын секс-құлдыққа сатып жіберді
Ташкент әуежайында адам саудасына қатысты күдікпен әйел ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Ташкент қаласындағы Ислам Каримов атындағы халықаралық әуежайда құқық қорғау органдары адам саудасына қатысты болуы мүмкін қылмыстың жолын кесті.
Ферғана облыстық ІІБ мәліметінше, арнайы операцияны ішкі істер органдарының қызметкерлері мен Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілдері бірлесіп жүргізген.
Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті – 1986 жылы туған, Ферғана облысының Қувасай ауданында дүниеге келген әйел. Қазіргі уақытта ол Түркияда тұрақты тұрады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әйел 1991 жылы туған танысын Анкара қаласына жоғары жалақысы бар жұмысқа орналастырамын деп алдап шақырған. Алайда тексеру барысында жәбірленушіні интимдік қызмет көрсетуге тарту жоспарланғаны анықталған. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті бұл әрекеті үшін ақшалай сыйақы алуы тиіс болған.
Әйелдің танысын Түркияға алып кету әрекеті Ташкент халықаралық әуежайында, ұшақ ұшар алдында тоқтатылды.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға бермек.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз