40 градус ыстықта көлік ішінде ұйықтап қалған бала көз жұмды

depositphotos.com

Түркияның Мардин провинциясында 2 тамыз күні ата-анасының қарауынсыз қалған 4 жасар бала қызып кеткен көлік салонында қайтыс болды, деп хабарлайды  «24KZ» Hürriyet басылымына сілтеме жасап. 

Экинджилер ауылында тұратын отбасының 4 жасар ұлы Мұхаммед Арас Темел есігі ашық тұрған ата-анасының көлігіне кіріп, қызып тұрған салон ішінде ұйықтап қалған. Ата-анасы баланың жоқ екенін бірден байқамаған.

Бүлдіршінді тауып алған кезде, ол ыстықтан қызуы көтеріліп, денесі тартыла бастаған. Ес-түссіз жатқан баланы отбасы өз көлігімен дереу Мазидагы мемлекеттік ауруханасына жеткізді. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, кейін баланы Мардин оқу-зерттеу ауруханасына ауыстырды. Алайda ақ халаттылардың барлық күш-жігеріне қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.

Қайғылы жағдай болған күні Мардиндегі ауа температурасы 40 градусқа жеткен. Мамандардың айтуынша, аптап ыстықта көлік салоны бірнеше минут ішінде өте жоғары температураға дейін қызады, ал балалардың ағзасы ересектерге қарағанда бірнеше есе жылдам қызып, сусызданады.

Бұл оқиға ата-аналарды балаларды жабық көлік ішінде қараусыз қалдырудың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте ескертті. Айта кетейік, биыл жаз маусымында осындай қайғылы жағдайлар Франция мен АҚШ елдерінде де тіркелген болатын.

Қазіргі уақытта баланың денесі өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберіліп, құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын бастады.