Колумбиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 132-ге жетті
Колумбияда магнитудасы 7,4 балдық жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 132 адамға жетті, деп хабарлайды 24KZ Anadolu ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Колумбия астаналары қауымдастығы (Asocapitales) елде болған жойқын жер сілкінісінен кейінгі жағдай туралы мәлімдеме жасады.
Қауымдастықтың мәліметінше, зілзала салдарынан 132 адам қаза тауып, 700-ден астам адам жарақат алған.
Ұлттық БАҚ-тың хабарлауынша, адам шығыны мен материалдық залал ең көп тіркелген Перейра, Кали, Кибдо, Манисалес және Армения қалаларында «қызыл деңгейдегі» дабыл жарияланған. Қауіпсіздік мақсатында бұл қалаларда коменданттық сағат енгізілді.
Іздеу-құтқару жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр. Қаза тапқандардың ең көбі Перейрада тіркелген. Мұнда 60 адам көз жұмған.
Бұдан бөлек, 188 адам хабар-ошарсыз кетті деген мәлімдеме түскен. Билік құрбандар саны бұдан әрі өсуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Елдегі үшінші ірі қала Калида жер сілкінісінен кейбір жолдар қирап, 10 аурухана жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін аймаққа ел астанасы Богота мен Медельиннен іздеу-құтқару топтары жіберілді.
Кибдо мен Манисалес қалаларында зілзала салдарынан су, электр энергиясы, телекоммуникация және көлік жүйелерінің жұмысы үзілген.
Кали қаласының мэрі Алехандро Эдер журналистерге коменданттық сағат қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тонау фактілерінің алдын алу мақсатында енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл шешім төтенше жағдай қызметтері мен құтқарушылардың жұмысты қауіпсіз әрі жедел жүргізуіне де мүмкіндік береді.