Қытайда жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 12 мыңнан асты

Қытайдағы зілзала кезінде зардап шеккендер саны 12 мыңнан асты. Бүлінген үй мен қоражайларда есеп жоқ. Мыңдаған адам баспанасыз қалды. Бұл күн суыған шақта жағдайды тіптен ушықтырды. Іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

Апат болған елді мекендердің халқы жаппай эвакуацияланды. Алайда үйлері құлап, қоражайлары қираған жұрт далада қалды. Күннің суығы да қиындық туғызып отыр. Оқиға орнында төтенше жағдай енгізілген. Зардап шеккендер саны 12 400-ге жетті. Иісшіл иттердің көмегімен үйіндінің астында қалған бірнеше адам шығарылды. Жарақат алғандар 50-60 шақырым жердегі ауруханаға жеткізілуде.

Зілзала Қытайдың оңтүстік-батыс бөлігіндегі Сицзан таулы аймағында болған. Магнитудасы 7 балға дейін жетті. Салдарынан жарақат алғандар саны 76, тағы 16 адам көз жұмғандығы жөнінде бұған дейін хабарланды. Кейбір елдімендерде байланыс үзілді. Әсіресе Мару елді мекені қатты зардап шекті.

Баспанасыз қалған тұрғындар уақытша шатырларға орналастырылып жатыр. Жалғыз мектептің қабырғасы қақырап, кейбір ғимараттың төбесі ортасына түскен. Жер сілкінісі кезінде оқушылар осы жердегі жатақханада болыпты. Қазір аман қалған балалар мен мұғалімдер уақытша баспаналарды паналап отыр. Алайда білім беру тоқтатылмайды. Оқушылар осы уақытша шатырлардың ішінде оқиды. Енді зілзала болған аймақта орналасқан елді мекендерге әлі де қауіп төніп тұр. Геологиялық барлау шараларын жүргізген мамандар жер сілкінісінен кейін сел жүріп, төбеден тастар құлауы мүмкін деп отыр. Қазір олар тәуекелдерді бағамдау үшін әуеден бақылауға кірісті.

Чжан Гю, Бацин уезінің тұрғын Үй құрылысы және қала дамуы бюросының директоры:

– Қазіргі уақытта жеті елді мекенде іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Бір ғана Мару елді мекенінде 475 тұрғын үй және шаруа қожалық тексерілді. Құтқарылған адамдар ауруханаға жеткізілді. Эвакуацияланған тұрғындар уақытша контейнер модульдерге орналастырылды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

-  Қазір оқиға орнында 5 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Көршілес аймақтардан қосымша күш тартылған. Мамандар 12 бағыт бойынша жолдарды тексерді. Мониторинг кезінде 11 жер қауіпті аймаққа жатқызылып, қозғалысқа шектеу қойылды.

Автор: Руслан Бақытбекұлы

Сондай-ақ оқыңыз: