Еуропаны тағы да аптап ыстық жайлады
Аптап ыстық әлемнің әр аймағына тарап жатыр. Батыс Еуропаны ыстықтың жаңа толқыны басты. Бельгия мен Францияның басым бөлігінде қауіптің «қызғылт сары» деңгейі жарияланды.
Табиғи құбылыстың болжамды шығыны есептелуде: Triodos банкінің зерттеуіне сәйкес, биыл аптап ыстық Еуроодақ экономикасына 180 миллиард еуроға дейін шығын келтіріп, 2026 жылға болжанған экономикалық өсімге кері әсер етуі мүмкін.
Ал Қытайда аптап тайфун маусымымен тұспа-тұс келді. Әлем елдері ауа райы құбылыстарына қалай төтеп беріп жатыр?
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Бельгияның Федералдық денсаулық сақтау қызметі «Аптап ыстық және озон деңгейінің көтерілуі» кезеңін күшінде қалдырды. Брюссель мен бірқатар провинцияда қауіптің «қызғылт сары» деңгейі жарияланды. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы 30 градустан асып, кей жерлерде 35-ке дейін жетеді. Бұл тамыз айындағы қалыпты климаттық нормадан едәуір жоғары.
Медициналық және әлеуметтік мекемелер ағзаның сусыздануы, күн өту және созылмалы аурулардың асқынуына байланысты дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер қарасы артуы мүмкін деп алаңдайды. Мамандар ашық аспан астында ұзақ жүрмеуге, жиі су ішуге және күн қатты ысыған уақытта ауыр жаттығу жасамауға кеңес береді. Бельгияда үйлерде көбіне ауа баптағыштар қарастырылмағандықтан, терезелерді күндіз жабық ұстауға шақырады. Ал метеорологтардың айтуынша, Еуропада аптап ыстық кезеңдері жыл сайын күшейіп келеді.
Клэр Барнс, ғалым:
- Бұл жай ғана табиғи ауытқу емес, антропогендік жаһандық жылынудың салдары. Қазір алапат ыстық тек егде жастағы адамдар мен созылмалы ауруы бар науқастарға ғана емес, дені сау адамдарға да қауіп төндіріп отыр.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Ықтимал экономикалық шығын да алдын ала есептелді. Оған ең алдымен еңбек өнімділігінің төмендеуі себеп болмақ. Бұдан бөлек, астық түсімінің 3-7 пайызға азаюы, энергетика мен көлік салаларындағы іркілістер және азық-түлік пен электр энергиясы бағасының өсуі шығынды арттыра түскелі тұр. Франциядағы аптап ыстық туралы Париждегі әріптесім Айдана баяндасын.
Францияда аптаптан туристер көп зардап шегуде
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Аптап ыстықтың жаңа толқыны бүкіл Батыс Еуропаны шарпыды. Францияда бұл – биылғы жаздағы бесінші толқын. Елдің Ішкі істер министрлігі 80 департаментте қызғылт сары қауіп деңгейін қайта жариялады. Осы жылдағы аптаптың тағы бір ерекшелігі – күндізгі жоғары температурамен қатар «тропикалық түндердің» жиілеуі. Яғни күн батқаннан кейін де ауа айтарлықтай салқындамайды.
Францияда тамыз айы – дәстүрлі демалыс маусымы. Сондықтан жергілікті тұрғындардың көбі қаладағы ыстықтан қашып, демалысын су жағасында өткізуді жөн көреді. Қазір Париж көшелерінде туристер көп. Олардың айтуынша, күннің ыстық болуы саяхатқа айтарлықтай қолайсыздық туғызады. Күн астында ұзын-сонар кезекте тұру мен тарихи ғимараттардың іші де қапырық болатынына шағымданады. Сондықтан көрікті орындардың ресми сайттарында жазғы маусымда саяхатшылар саны көп екені ескертіліп, сапарды алдын ала жоспарлау ұсынылады.
Джойзи, Берлиннен келген турист:
- Парижге келгенде жоспарым көп еді, бірақ мына аптап ыстықтан бәрі баяулап қалды. Жиі үзіліс жасап, демалып, су ішу үшін күннен көлеңке іздеуге тура келеді. Су бүркетін субұрқақтар мен бас киім көмектеседі.
Гүлмира, Астанадан келген турист:
- Ыстықтың әсер еткені — жүріп-тұруымыз. Көбірек жаяу жүргіміз келген, бірақ оған мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан метро немесе таксимен жүруге тырысамыз. Бірақ метрода да ауа тар, ыстық. Кондиционерлер де төтеп бере алмай жатыр. Көлеңкенің өзінде - 38 градус.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Еуропадағы мұндай рекордтық температура алдағы уақытта қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін. Еуропалық Copernicus қызметінің кейінгі есебіне сәйкес, Кәрі құрлық әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жылынып жатыр. Азиядағы жағдай да мәз емес. Қытайда аптап ыстық тайфун маусымымен тұспа-тұс келді.
Қытайда ыстықтың беті қайтпай тұр
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Биыл күн райы ерекше ыстық боп тұр. Аптаптың беті әлі күнге дейін қайтар емес. Елдің бірқатар аймағында жергілікті халық қиын жағдайға тап болды. Ауа температурасының шамадан тыс көтерілуіне байланысты кей өңірде қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланды. Тіпті мұздықтар жылдам еріп, өзен-көлдердің тасуына алып келді.
Жұрт аптап пен қапырықтан жан қоярға жер таппай жүр. Әсіресе, ашық аспан астында еңбек ететіндерге қиын. Ел билігі қазынадан қаржы бөліп қызмет көрсету саласындағы жұмысшыларға салқындауға арналған мыңдаған орын әзірлеуге мәжбүр. Ең көп зардап шегетін санитарлық қызмет көрсету саласының жұмысшылары мен тасымалдау және жеткізу қызметіндегілер. Жергілікті билік мәселені шешудің тың амалын іздеуге көшті. Тәжірибе ретінде арнайы қызметтік киімдер тігіле бастады. Ерекшелігі, оларға ыстықта салқындатып тұратын желдеткіш орнатылған. Бірақ жұмысшылардың айтуынша, ол тек 35 градус ыстыққа дейін жарамды. Одан жоғары температурада бар-жоғы сезілмейтін көрінеді.
Ма Цзилань, санитарлық қызметкер:
- Пайдасы орасан. Қапырықта көкірекшені кисең, салқындап жаның жай табады. Бұған дейін мойнымызға сүлгі орап, терімізді сүртіп амалдайтынбыз.
Сян Лючунь, санитарлық қызметкер:
- Көкірекшеге үш желдеткіш орнатылған. Аккумуляторын алдын ала қуаттап аламыз. Осының арқасында жұмыс уақыты ұзарды. Алайда күн қатты ысыған күндері мұның өзі көмектеспейді.
Қолайсыз ауа райының сақталуына байланысты құрылыс алаңдарында да жұмыс қарқыны бәсеңдеді. Салаға жауапты мекемелер құрылыс компанияларына қауіпсіздік талаптарын күшейтті.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Айта кету керек, биыл Қытайда ауа температурасы кей жерде 50 градустан асты. Ал Шыңжаңдағы Турфан таулы аймағында күннің ысығаны соншалық жердің беті 84 градсуқа дейін қызған.