БҰҰ биыл 135 млн адамға көмек жеткізуді жоспарлап отыр
Бүгін – Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні. Әлемде 250 миллионнан астам адам көмекке мұқтаж.
Алайда халықаралық гуманитарлық ұйымдар тиісті көмекті дер кезінде жеткізіп үлгермей жатыр. Алғашқы медициналық жәрдем көрсетуден бастап, азық-түлікпен қамтамасыз ету де қиындаған.
Өйткені кейінгі жылдары Жер бетінде қақтығыс көбейіп, табиғи апаттар жиілеп кетті. Әрі қақтығыс ошақтарында гуманитарлық қызметкерлердің өздеріне де қауіп-қатер төнетін жағдай аз емес. Биыл Біріккен ұлттар ұйымы 135 миллион адамға көмек жеткізуді жоспарлаған.
Гуманитарлық көмек дер кезінде жетпейді
Қазір әлемнің 60-тан астам елінде қақтығыс жүріп жатыр. Бұлардың адамзат үшін зардабы ауыр. Және адам қолынан жасалған апаттың салдарынан аштық дендеп, індет жайлап, адам өлімі көбейе береді. Бұдан гуманитарлық дағдарыс та ушығады. Соған сай, көмек көрсететін ұйымдарға түсетін салмақтың жүгі ауырлай түспек. Мәселен, былтыр, ресми дерек бойынша, гуманитарлық ұйымдардың 21 елде еңбек етіп жүрген 326 қызметкері қаза тапты. Ал бір жыл ішінде 37 мың бейбіт тұрғын қақтығыс алаңында жан тапсырған. Яғни әр 14 минут сайын бір адам жан тапсырады. Ал олардың бәріне алғашқы медициналық көмек көрсету үшін мамандар басын қатерге тігеді. Сондықтан ұйымдар қақтығысушы тараптарды денсаулық сақтау мекемелерін нысанаға алмауға ұдайы шақырады.
Илтаф Мусани, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының гуманитарлық апаттарды басқару бөлімінің директоры:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық нысандарға жасалған шабуылдарды бақылау жүйесі 29 ел мен аумақта 10 400-ден астам шабуылды анықтады. Шабуылдардың адам өміріне нақты әсерін көрсету, денсаулық сақтау жүйесі мен науқастарды қорғау үшін қақтығыс тараптарын жауапкершілікке тарту қажет.
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының дерегіне сүйенсек, 2018-2024 жылдар аралығында 2 миллионнан астам нәресте босқын ретінде дүниеге келген. Ал қазір 473 миллион бала қақтығыс аймақтарында өмір сүріп жатыр. Бұл сандарға қарап-ақ, олардың медициналық жәрдем мен психологиялық қолдауға қаншалықты зәру екенін көруге болады.
Гуманитарлық көмекке бөлінетін қаржы азайды
Былтыр ЮНИСЕФ балалар қоры 2,96 миллиард АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек алды. Қаражат көмекке мұқтаж жандарды ауызсумен қамтамасыз етуге, қызылшаға қарсы екпе салуға, 5 жасқа дейінгі балаларды ерте диагностикадан өткізуге жұмсалды. Бұдан бөлек 9 миллиондай баланың білім алуына жағдай жасалды. 8 миллионнан астам жеткіншекке психологиялық қолдау көрсетілді. Алайда бұл адамзат зәру көмектің жартысына да жетпейді. Ауғанстан, Конго, Гаити, Сомали, Оңтүстік Судан және Судан елдерінде шамамен 13,7 миллион адам жаһандық гуманитарлық көмектің азаюынан аштық қаупіне тап болды. Ұйым дерегіне сүйенсек, Ауғанстанда қолдауға мұқтаж жандардың тек 10 пайызы ғана қажетті көмек алып келеді. Конгода 2 миллион 300 мың адамның небәрі 600 мыңына тиісті көмек көрсетіледі. Ал Сомалиде азық-түлік 350 мың адамға ғана жетеді. Донор мемлекеттердің ішіндегі ең көп қаражатты АҚШ бөледі. Бірақ бұл ел де қолдау көлемін қысқартқаннан кейін, гуманитарлық ұйымдар шарасыз қалып отыр.
Гуманитарлық дағдарыс ушығып барады
Кейінгі деректерге сәйкес, Конго Демократиялық Республикасында эбола безгегінің өршуі салдарынан кемінде 2 мың адам қайтыс болған. Кейінгі кезде бұл аурудың кесірінен өлім-жітім жылдам көбейіп барады. Елдегі қақтығыстар шалғай өңірлерде індеттің алдын алуға жол бермей отыр. Небәрі тоғыз аптада мың адам көз жұмды. Қазір эбола Оңтүстік Судан, Уганда және Руандаға жақын орналасқан республиканың шығысындағы бес провинцияға таралып отыр.
Гуманитарлық дағдарыс ушығып барады
Гуманитарлық дағдарысты ушықтыратын тағы бір фактор - табиғи апаттар. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы «Эль-Ниньо» құбылысының салдарынан келесі жылдың соңына қарай тағы 274 миллион адамға аштық қаупі төніп тұр деп дабыл қағады. Бұл қазіргі көрсеткішпен салыстырғанда 22 пайызға көп. Мамыр айынан бері Оңтүстік Судан, Чад, Мавритания, Уганда, Гватемала және Сальвадорда көмекке мұқтаж 500 мың адамға 14 млн АҚШ долларынан астам көлемде қолдау көрсетілген.
Гуманитарлық көмек қазір әлдеқайда күрделі жүйеге айналды. Донор мемлекеттер, Біріккен ұлттар ұйымының агенттіктері, халықаралық және жергілікті үкіметтік емес ұйымдар, Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай қозғалысы, дәрігерлер, еріктілер және жергілікті қауымдастықтар бірлесіп әрекет етеді. Бұл ретте Халықаралық гуманитарлық құқық бейбіт тұрғындар мен гуманитарлық қызметкерлерді қорғауды талап етеді.