АҚШ-тың мемлекеттік қарызы алғаш рет 40 триллион доллардан асты

Фото: depositphotos.com

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы тарихта алғаш рет 40 триллион доллардан асты. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігінің деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды 24KZ.

Ведомствоның мәліметіне сәйкес, 18 тамыздағы жағдай бойынша АҚШ-тың жалпы мемлекеттік қарызы 40 триллион 47 миллиард долларды құраған.

Оның ішінде халық пен ұйымдардың иелігіндегі мемлекеттік борыш көлемі 32 триллион 265 миллиард доллардан асады. Ал мемлекеттік органдар мен үкіметтік қорлар арасындағы қарыз міндеттемелері 7 триллион 781 миллиард доллардан жоғары.

АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, Дональд Трамптың президенттігінің екінші мерзімінде елдің мемлекеттік қарызы алғашқы президенттік мерзіміне қарағанда шамамен екі есе жылдам өсіп келеді.

Трамптың 2025 жылы өткен инаугурациясынан бері 19 ай ішінде АҚШ-тың мемлекеттік қарызы шамамен 3,83 триллион долларға артқан. Салыстыру үшін, оның алғашқы президенттік мерзіміндегі осыған ұқсас кезеңде мемлекеттік қарыз 1,47 триллион долларға өскен. Ал 2017-2021 жылдар аралығында АҚШ-тың мемлекеттік қарызы жалпы 7,8 триллион долларға көбейген.

АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, заңмен белгіленген мемлекеттік қарыздың шекті көлемі 41 триллион 103 миллиард доллар деңгейінде.

Бұған дейін Fox Business Экономикалық талдау бюросының деректеріне сілтеме жасап, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет ел экономикасының көлемінен асып кеткенін хабарлаған.