АҚШ-та ішек инфекциясы өршіп тұр
Тамаққа қандай көкөніс қосасыз? АҚШ-та түрлі ауру тарап жатыр. Соның бірі - сальмонелла бактериясы. Жұқпалы инфекция Мексикадан жеткізілген бұрыштардан тараған.
Кейінгі дерек бойынша ішек инфекциясы 27 штатта 345 адамнан анықталды. Көкөніс дүкен сөрелерінен алынып, кері қайтарылды. Бұл жағдай халықтың алаңдаушылығын туғызды. Америкалықтар мәселені жылы жауып қоюға болмайды. Жауаптылардың жазалау қажет, -деп санайды.
Жаз маусымы басталысымен, АҚШ-та ішек аурулары белең алды. Осыған дейін циклоспориаз инцекциясына шалдыққан жүздеген науқас ем алды. Өкініштісі сол дәрігерлер екі адамның өмірін арашалап қала алмады. Енді сальмонелла бактериясымен ауырып ауруханаға түсіп жатқан науқас көп. Екі инфекция да Мексикадан әкелінген көкөністер арқылы тараған. Циклоспориаз – «Айсберг» деп атайтын салат жапырағынан, ал, сальмонелла халапеньо бұрышынан табылды. Енді тұрғындар елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдап отыр.
Мария Эухения Санчес, жергілікті тұрғын:
- Кейде сырттан тамақтанамыз. Қазір қай тағамға тапсырыс берсеңіз, құрамына салат жапырағын қосады. Ал оның қауіпсіз екеніне кім кепіл?
Мэри Элви, жергілікті тұрғын:
- Бақша дақылдарын өзіміз өсірмесек, болмайтын секілді. Таныстарымның біразы жер алып, биыл өздері бау-бақша өсіріп, баптады. Міне, сонда ғана не жеп жүргеніңе сенімді боласың. Бірақ мұндай мүмкіндік бәрінде бірдей жоқ қой.
Қауіптісі сол жуып жесе де, зиянды бактерия жойылмайды. Ал адам ағзасына түссе, науқастың ыстығы көтеріліп, іші ауырып, құсады. Сақтанудың жалғыз жолы - көкөністі толық пісіру.
Тереза Мюррей, АҚШ тұтынушылар құқығын қорғау тобының директоры:
- Сальмонелла бактериясының таралуына көп жағдайда жануарлар себеп болады. Жаңбырдан кейін қорадағы лас су ағып келуі мүмкін. Малдың қиы егістікке міндетті түрде төгілуі шарт емес.
АҚШ билігі азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты мекемелердегі қызметкерлерді қысқартты. Сарапшылар елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауының басты себебі осы деп санайды. Бірақ қалай болғанда да, адамның өміріне өнімді нарыққа шығарған компания жауапты, - дейді олар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт