Өзбекстан Президенті екінші АЭС салу жоспарын жария етті
Өзбекстанда екінші атом электр станциясының (АЭС) жобасы бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды «24KZ» жергілікті басылымға сілтеме жасап.
Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Хорезм облысында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу рәсімінде мәлімдеді.
«Бүгін сіздерге бір құпияны айтқым келіп тұр. Таяуда біз екінші станция бойынша да үлкен дайындықты бастадық», – деп мәлімдеді Шавкат Мирзиёев.
Бұл ретте екінші АЭС-тің ықтимал салынатын орны, оның қуаты мен жобаны жүзеге асыру мерзімдері туралы ақпарат жоқ.
Өзбекстандағы алғашқы АЭС Жизақ облысының Фариш ауданында салынып жатыр. Нысанның бірінші шағын модульдi реакторын 2029 жылдың қазан-қараша айларында, ал екіншісін одан кейін алты айдан соң техникалық іске қосу жоспарланған. Бірінші үлкен энергоблок 2033 жылы іске қосылады, ал жобаны толықтай 2034-2035 жылдары аяқтау көзделіп отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз