Дональд Трамп пен Ким Чен Ын кездеседі

АҚШ пен Оңтүстік Кореяның арасы суып кетті.

Оңтүстік Корея АҚШ-тың Азиядағы экономикалық және стратегиялық серіктесі. Екі ел 1953 жылы қорғаныс саласы бойынша күш біріктірді. Ондағы мақсат - сыртқы жаулардан, әсіресе Солтүстік Кореядан төнетін кез келген қауіптен сақтану. Қазірде Оңтүстік Кореяда 28 мың 500 американдық сарбаз қызмет етеді. Әрі бұл елде АҚШ-тың шетелдегі ең ірі әскери базасы Хамфрис орналасқан. Әр жыл сайын екі рет, көктемде және жазда екі елдің сарбаздары әскери оқу жаттығу өткізеді. Биыл да осы үрдіс бойынша оқу-жаттығулар өтуге тиіс еді. Алайда Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысының наразылығынан кейін алдағы уақытта бірлескен әскери шараларды азайтататын мәлімдеді. Бұл арада Ақ үй басшысы Ким Чен Ынмен қарым-қатынасы жақсы екенін айтып қалды. Ал Оңтүстік Кореяның Ормуз бұғазына қатысты мәселелер бойынша қолдау көрсетпегеніне реніші бар. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Ким Чен Ынге Байден де, Обама да кезінде ұнамаған. Ал менімен ара-қатынасы өте жақсы. Ал әскери оқу-жаттығулар Солтүстік Кореядан сақтану мақстаында жасалады. Маған бұл расымен ұнамайды. Әрі менің Оңтүстік Кореяның Ормуз бұғазына қатысты мәселеде бейтарап ұстаным танытқанына көңілім толмайды. Олар 60 пайыз мұнайды осы бұғаз арқылы импорттап отыр ғой. 

Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Трамп бірқатар елден көмекке әскер жіберуін сұраған еді. Алайда Ақ үй басшысының өтініші өзі ойлағандай орындалған жоқ. Артынша Трамп осы үшін НАТО, Жапония және Оңтүстік Кореяға шүйліккен еді. Бұған қатысты корей билігі нақты жауап бермеді. 

Оңтүстік Корея, Сеул 

Пак Ду-Сун, Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Біздің үкімет Иранмен атысты тоқтатуды қамтамасыз етуге және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының еркіндігін қалпына келтіруге бағытталған халықаралық талқылауларға белсенді түрде қатысты. Әртүрлі факторларды, соның ішінде Корей түбегіндегі әзірлік деңгейін және ішкі заңнамада көзделген рәсімдерді ескере отырып, біз Америка Құрама Штаттарымен ықтимал елеулі әрі әскери үлес қосу мәселесі бойынша тығыз байланыстамыз.

Трамп Солтүстік Корея басшысымен кездеседі 

"АҚШ-тың Оңтүстік Кореямен арада әскери оқу-жаттығулардың ауқымын қысқарту туралы шешімі Пхеньянның ұстанымын өзгертпейді." Бұл Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның ықпалды әпкесі Ким Ё Чжонның мәлімдемесі. Мұны жергілікті K-C-N-A ақпарат агенттігі жариялады. Онда Трамптың шешімі Солтүстік Корея үшін аса маңызға ие емес екені жазылған. Сондай-ақ екі ел басшыларының арасындағы қарым-қатынас жөнінен де бейхабар екенін жазды. Ал Трамп жыл соңына қарай Ким Чен Ынмен кездесу жоспары барын мәлімдеді. Егер расымен кездесу өтетін болса, бұл екі көшбасшы арасындағы төртінші кездесу болмақ. Кейбір сарапшылар кездесу қараша айында Қытайда өтетін APEC саммиті кезінде өтуі мүмкін дейді.    

ЦИТАТА:

Дональд Трамптың оқу-жаттығуларының ауқымын қысқарту туралы бұйрығы — стратегиялық қателік. Әскери оқу-жаттығулар АҚШ-Корей альянсының жауынгерлік әзірлігінің негізі. Дәл қазір оның ауқымын қысқартудан Солтүстік Корея ғана ұпай жинайды. Вашингтон Сеулдың қарулы күштер саласындағы қорғаныс үшін көбірек жауапкершілік алып, аймақтық қауіпсіздікке үлкен үлес қосқанын қалайды. Алайда қазір альянстың қарқынын бәсеңдететін кез емес. 

Докён Ку, Атлант кеңесінің сарапшысы

Трамп Солтүстік Корея басшысымен кездеседі 

АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы дипломатиялық диалог 7 жыл бұрын үзілген. 2019 жылы президент Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын арасындағы ядролық келіссөздер сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, Солтүстік Корея АҚШ немесе Оңтүстік Кореямен кез келген байланыстан іс жүзінде бас тартты. 

Солтүстік Корея қазір өзінің ядролық арсеналын дамытуға ден қойды. Зымыран сынақтарын тұрақты түрде өткізіп келеді. Ресей және Қытаймен қарым-қатынасын нығайтты. Алайда Ким Чен Ын АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын екенін жасырмай айтып келеді. Бірақ ол ядролық қарудан ешқашан бас тартпайтынын және санкцияларды жеңілдету үшін арсеналды саудаламайтынын айтады. Сондай-ақ, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның тұрақты әскери жаттығулары солтүстікке тікелей қауіп төндіреді деген пікірде. 

АҚШ пен Оңтүстік Корея жауынгерлері түбекте 27 тамызға дейін шеберлігін шыңдап, қорғаныс қаруларын сынауға тиіс еді. Енді Трамптың тапсырмасы бойынша оқу-жаттығулар ертең аяқталады.