Нигерияда қайық аударылып, 50-ден астам адам қаза тапты

фото: reuters

Нигерияның Сокото штатында адам шамадан тыс тиелген қайықтың аударылуы салдарынан кемінде 50 адам қаза тапты. Олардың шамамен 40-ы — балалар, деп хабарлайды 24KZ The Straits Times ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 20 тамызда Сокото штатында болған. Қайықта Гороньо жергілікті басқару аумағындағы Горау қаласына ферма жұмыстарына бара жатқан адамдар болған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қайықта шаруа қожалықтарының иелері мен күріш жинауға жалданған жұмысшылар отырған. Олардың бірі қайықта 70-тен астам адам болғанын айтса, тағы бір тұрғын бортта 57 адам болғанын мәлімдеген.

Билік өкілдерінің хабарлауынша, апаттан кейін 40-қа жуық баланың денесі табылған.

Нигерияда қайық апаттары жиі тіркеледі. Бұған қайықтарға адамды шамадан тыс отырғызу, техникалық жағдайының нашарлығы және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болады. Мұндай оқиғалар әсіресе жаңбырлы маусымда өзендер мен су жолдарында жиілей түседі.