Комо мэрін велосипед қағып кетті: қалада қос дөңгелекті көлік қозғалысы шектелмек
Италияның Комо қаласында әкімді электровелосипед мінген адам қағып кеткеннен кейін тарихи орталықтағы велосипедтер мен электровелосипедтердің қозғалысына шектеу қойылады, деп хабарлайды 24KZ.
Қыркүйек айынан бастап қаладағы 30-ға жуық көшеде велосипедшілер көліктен түсіп, велосипедін жаяу жетектеуге тиіс.
Қала әкімі Алессандро Рапинезе бұл шешімге өзінің басынан өткен оқиғаның да әсер еткенін айтты. Дегенмен оның сөзінше, басты мақсат — тарихи орталықтағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Комоның тарихи орталығы туристер көп жиналатын орын. Сондықтан мұнда жаяу жүргіншілер қозғалысы өте тығыз.
Жаңа шектеу тұрғындар мен белсенділердің наразылығын туғызды. Олар мәселе велосипедтердің өзінде емес, жол қозғалысы ережесін бұзатын жекелеген адамдарда деп есептейді.
Шектеуге қарсылық білдірушілер қол жинап жатыр. Сондай-ақ қыркүйек айында наразылық акциясын өткізуді жоспарлаған.
Белсенділердің пікірінше, жаңа тәртіп курьерлер мен дүкендердің жұмысына да қиындық келтіруі мүмкін.