Өзбекстандағы отандастарымыз дауыс беріп жатыр
Шетелдерде де сайлаушылар белсенді. Ташкенттегі Қазақстан Елшілігі жанындағы сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 7-де жұмысын бастады. Оған осы жақта уақытша қызметте жүргендер, іссапарда жүрген азаматтарымыз және туристер барып, таңдау жасап жатыр.
Дулат Нуркин, тілші:
- Мен қазір Ташкент қаласындағы №431 сайлау учаскесінде тұрмын. Дауыс беру орыны Қазақстан Республикасының Елшілігінде орналасқан. Жалпы Ташкенттегі бұл учаске шет мемлекеттердегі ең ірісі саналады. Консулдық есеп бойынша Өзбекстанда тұрақты тұратын және уақытша жүрген 800-ге жуық Қазақстан азаматы бар. Және бұл сан жыл сайын артып отыр. Себебі қазақ капиталымен келіп жатқан біздің кәсіпкерлеріміздің қатары өсуде. Қазір олардың ұзын саны 1800-ге жуықтады. Ел азаматтырымен сұхбаттасып көрдім. Барлығы да Құрылтай сайлауының мемлекетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін айтты. Партия бағдарламаларымен танысып, республикалық арналарда өткен теледебаттарды тамашалап, ал бүгін өздері қалаған саяси ұйымға дауыстарын беруде. Отандастарымыздың пікірін тыңдап көрелік.
Әуелбек Есенбаев, Қазақстан азаматы:
- Өзіміздің азаматтық борышымызды атқарайық деп таңғы салқынмен келдік. Даусымызды беріп, бала-шағамызға бара жатырмыз. Теледидардан әрбір партияның бағдарламасымен таныстық.
Абуғали Икрам, Қазақстан азаматы:
- Тарихи күн болғаннан кейін азанмен ертерек келіп, азаматтық борышымызды орындап, дауыс бердім. Партиялардың бағдарламаларымен таныстым, жақсысына өз таңдауымды жасадым. Бастысы - елдің тыныштығы.
Айта кету керек, қазақстандық туристер үшін де мұнда қолайлы жағдай жасалған. Ташкент облысында шетелдіктер көп баратын екі жерге арнайы дауыс беру жәшіктері қойылды. Сайлау комиссиясының төрағасы Сержан Сәрсенбаевтың айтуынша, жергілікті туристік компания басшыларымен арада келісім бар. Олар демалуға келген отандастарымызды ақпараттандырып, тиісті көмектерін жасайтын болады.