Қытайда Құрылтай сайлауы қалай өтіп жатыр?

Құрылтай сайлауында алғашқы болып дауыс берген елдің бірі - Қытай. Көрші мемлекеттегі учаскелер жұмысқа осыдан 9 сағат бұрын кірісті. Дауыс беру жалғасып жатыр. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Сайлау тұрақты өтіп жатыр. Бейжің, Гонконг, Сиань және Шанхай шаһарларында 4 учаске жұмыс істеп тұр. Барлығы дипломатиялық өкілдіктердің аумағында ұйымдастырылған. Осы қалалардағы қазақстандықтар Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасай алады. Ең бастысы қолында жеке басын растайтын құжат болса жеткілікті. Бұл №421 сайлау учаскесі.

Қазақстан елшілігінің ғимаратында орналасқан. Мұнда дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы сағат 7.00-де басталған болатын.  Қазір сағат 11-ден асты. Сайлаушылар шетінен келіп жатыр. Сайлау комиссиясы науқан барысын мұқият қадағалап отыр. Дәл бұл учаскеде 170 азамат тіркелген. Бірақ дауыс берушілер бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені Қытай қазақстандықтар ең жиі келетін елдердің бірі. Қос мемлекеттің арадағы визасыз жүріп-тұру туралы келісімі барыс-келісті тіптен көбейткені белгілі. Бұл сайлаушы санының артуына себеп болуы мүмкін. Негізінен тіркелгендер Қытайда жұмыс істеп жүрген дипломаттар, ұлттық компания өкілдері, олардың отбасылары. Студент жастар. Дауысты консулдық есепте тұрған азаматтар ғана емес, өзге мақсатпен жүрген қазақстандықтар да беруге құқылы.

Рахымжан Рахимов, №421 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы:

- Қазақстан азаматтары келіп, өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыруда. Жалпы дауыс беру процесін талапқа сай өткізу үшін учаскеде барлық қажетті жағдай жасалған. Қазіргі уақытта Бейжіңде 50 адам дауыс берді. Соңғы мәлімет бойынша, Гонконгта 12 адам, Шанхайда 15 адам, ал Сианьда 7 адам дауыс берді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне, бұл таңнан бергі дауыс беру нәтижесі. Ресми мәлімет осындай. Дауыс беру жергілікті уақытпен кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады.