Түркияда 4 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Live
Маңызды саяси науқанға Түркиядағы отандастарымыз да белсене қатысып, өз таңдауларын жасауда. Түркия шетелдегі ірі дауыс беру орындарының бірі саналады. Мұнда Анкара, Ыстанбұл, Анталия және Измир қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр. Бұл шаһарларда 2 мыңға жуық отандасымыздың дауыс беруі үшін мүмкіндік жасалған.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анкара қаласындағы №450 сайлау учаскесінен сөйлеп тұрмын. Анкара уақытымен қазір сағат 15.00, Астанадан 2 сағат арттамыз. Жалпы бұл учаскеде дауыс беруге құқылы 600-ден астам азамат тіркелген. Мұндағы сайлаушылардың едәуір бөлігін осы елдегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық жастар құрайды. Дауыс беру учаскесі таңғы сағат 7-де ашылып, Әнұранымыз шырқалды. Алғашқылардың бірі болып, елшілікте жұмыс істейтін дипмиссия өкілдері дауыс берді. Артынша елшілік ғимаратына келіп, өз азаматтық ұстанымын білдіріп жатқан отандастарымыз да аз емес.
Асқар Төлепбергени, №450 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:
- Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы аясында Анкара қаласындағы №450 сайлау учаскесінде дауыс беру белгіленген тәртіпке сәйкес өтіп жатыр. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Жалпы Түркияның Анкара, Ыстанбұл, Анталия және Измир қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істеп, шамамен 2 мыңға жуық Қазақстан азаматына дауыс беру үшін жағдай жасалған. Қазіргі уақытқа дейін дауыс беру барысында қандай да бір қиындықтар немесе шағымдар тіркелген жоқ. Учаскелік сайлау комиссиясы барлық рәсімді сайлау заңнамасына сәйкес жүргізіп жатыр.
Әзірге ешқандай шағым тіркелмеген. Осынау елеулі күнге елшілік мамандары ерекше дайындалған. Елшілік бақшасында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ұлттық әніміз бен күйіміз күмбірледі. Жырақта жүрген жерлестеріміз үшін бұл туған жердің жылуын сезіндіріп, елде жүргендей әсер сыйлайтыны сөзсіз. Осынау тарихи сәтте ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, сайлау учаскесіне қазақы нақышта киім киіп келген отандастырымыз ерекше көзге түсті. Сондай-ақ Анкарада білім алып жүрген бір топ әскери курсант келіп, саяси науқанға өз үндерін қосты. Араларында алғаш рет дауыс берген азаматтар да бар.
Азамат Тұрсынханов, Жандармерия және Жағалау күзеті академиясының 1-курс курсанты:
- Иә, алғаш рет дауыс беріп тұрмын. Осы жақында 18-ге толғанмын. Бұл Қазақстанымыздың болашағы бізге бей-жай қарауға болмайды. Себебі Қазақстанымыздың болашағы біз үшін өте маңызды. Біз осы Жандарма академиясында оқимыз, курсантымыз. Бір топ курсант болып, осында дауыс беруге келдік.
Айдана Алтаева, Қазақстан азаматы:
- Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін, қазақстандықтар үшін ерекше күн деп білемін. Елден жырақта жүрсек те, шетелде жүрсек те, өзіміздің ұлттық киімімізді киіп, бүгін сайлауға арнайы дауыс беруге келіп тұрмыз. Осы орайда елшілік қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Себебі сайлаудан бөлек, ұлттық тағамдар таратылып жатыр, мерекелік іс-шара өткізіліп жатыр. Керемет көңіл-күйдеміз.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Иә, осылайша Түркияда жүрген отандастарымыз да ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауларын жасап жатыр. Дауыс беру учаскелері жергілікті уақытпен кешкі сағат 8-ге дейін ашық болады.