ЕО Бразилиядан сиыр етін алуды тоқтатты
ЕуроОдақ енді Бразилиядан ет тасымайды. Бұл шектеу бүгіннен бастап күшіне енді. Ең қызығы, еуропалық блок биыл МЕРКОСУР, яғни Латын Америкасы елдерімен еркін сауда аймағын құрды. Ал Бразилия осы ұйымға мүше. Демек, бұл келісім Бразилия үшін еуропалық нарықты бағындыруға жол ашуы тиіс еді. Алайда ЕуроОдақ экономикалық келісімнен бұрын, санитарлық талаптардың орындалуын талап етіп отыр. Бұл Бразилияның нарығына қалай әсер етеді?
Былтыр Бразилия еуропалық нарыққа 120 мың тоннадан аса сиыр етін жөнелтті. Бұл Ұлыбританиядан кейінгі ең жоғары көрсеткіш. Биыл мамырда ЕуроОдақпен жасалған сауда келісіміне сай Бразилия мұның көлемін арттыруды жоспарлап отырған еді. Алайда экспортты көбейтуде кедергілер бар болып шықты.
Кәрі құрлық ұйымы Бразилия еттің сапасына бақылауды күшейтуі қажет. Әйтпесе өз нарығына өнімдерін кіргізбейтінін мәлімдеді.
Ева Хрнчирова, Еурокомиссия өкілі:
- Сауда келісімдері азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты талаптардан босатпайды. Еурокомиссия Одақтың санитарлық және фитосанитарлық шарттарын бекітеді. Мұны жергілікті шаруалармен қатар, экспорттаушы елдер де толық орындауға тиіс.
ЕуроОдақ бразилиялық шаруалар малды дәрімен семіртеді, - деп отыр. Ал мұның адам ағзасына зияны көп. Тіпті түрлі аурулар туғызуы да кәдік. «Сондықтан нарығына екпесіз, табиғи таза өнімді жөнелтсе», - дейді. Мұны құжатпен дәлелдеуін талап етіп отыр. Ал мейрамхана иелерінің айтуынша, Бразилия Еуропаға экспортты тоқтатса, ел ішінде ет арзандайды.
Франсиско Вальделио, мейрамхана иесі:
- Қазір сан етінің бір келісі 22-23 доллар тұрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе қымбат. Сондықтан, көбі тауық етін жейді. Ал, ЕуроОдақ импортқа тыйым салса, баға арзандайтын еді. Бұл мейрамханалар үшін жақсы жаңалық деп ойлаймын.
ЕуроОдақ жергілікті шаруалардың мүддесін ескерусіз қалдырған жоқ. Квота енгізіп, бақылау тетіктерін күшейтті. Бірақ ұйым өкілдері: «Бразилия талаптарды орындаған соң, импортты қайта жандандырып, сауда келісімінің жеңілдіктерін пайдалануға мүмкіндігі бар», - деп отыр.
Авторы: Зайнұр Байжігіт