Нидерланд АҚШ-тағы алтынын қайтарып алды

Еуропа Солтүстік Америкаға сақтауға қойған алтындарын қайтарып жатыр. Нидерланд Орталық банкі АҚШ пен Канададан 86 тонна бағалы металды алып кетті. Қазір Солтүстік Америкадағы көршілес елдердің арасы ушығып кетті.

Сауда текетірестері мен әскери қақтығыстар көбейді. Сол себепті бұл жақта алтын қоры мен ақша ұстау күмәнді болып барады. 

Орталық банктер өздеріне тиесілі алтынды сақтау орындарын әртараптандыруға тырысады. Қырғи қабақ соғысы кезінде біраз еуропалық банк алтын қорының бір бөлігін Нью-Йоркке көшірген. Бірақ жаһандық тәртіп сәт сайын өзгеріп жатыр. Елдер осыған дейін ұстанып келген ережелерді қайта қарауға мәжбүр. Нидерландтың қорында шамамен 600 тоннадан астам алтын бар. Тең жартысын АҚШ пен Канадада сақтайтын. Тақауда соның 86 тоннасын Солтүстік Америкадан Лондонға көшіріп алды. Бұған жарты жылдай уақыт кетті. Себеп түсінікті. Қазір Вашингтон мен Оттава бір-біріне тарифтер жариялап, екі ел арасындағы сауда соғысы өршіп барады. Нидерландтың Орталық банкі бұл қадамға кез келген дағдарысқа дайын болу үшін барғандарын мәлімдеді.

Джозеф Каватони, Дүниежүзілік Алтын кеңесінің аға сарапшысы:

- Соғыс пен сауда шиеленістері алтынды көшіріп алу туралы шешімге әсер ететін жалғыз себеп емес. Бұл ретте инфляция, пайыздық мөлшерлемелер және алтынды қажет болған жағдайда тез арада айырбастауға болатын жерде ұстау мүмкіндігі де маңызды. Мен алдағы уақытта қандай да бір ауқымды дағдарыс болады деп ойламаймын. Мемлекеттер бар болғаны өздерінің резервтік активтерін көбейтуге және тиімдірек басқарып, пайдалануға ұмтылады.

Биыл Франция АҚШ-тан 129 тонна алтын резервтерін елге көшіріп алды. Бұл бастаманы жыл басында Германия да көтерген еді. Бүгінде неміс алтын қорының 37 пайызы – Нью-Йоркте.

Англия банкінде 400 мың алтын құйма бар

Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне сәйкес, кейінгі төрт жылда Орталық банктер жыл сайын орта есеппен 1000 тонна алтын жинақтаған. «Бұл үрдіс жаһандық қаржы дағдарысынан кейін күшейе түсті және алдағы жылы одан әрі артады», - дейді мамандар.

Құрама Штаттар әлемдік Орталық банктерге тиесілі алтын қорының шамамен төрттен біріне ие – 8 134 тонна. Германияда бұл көрсеткіш – 3 350, ал Италияда – 2 452 тонна. Одан кейін Франция, Қытай, Ресей тұр. Әрі қарай тізімді Швейцария, Үндістан, Жапония және Польша жалғайды.

Шетелдік алтынды сақтауға Ұлыбритания қолайлы. Лондон жаһандық сауда орталығы болған соң, мұнда бағалы металды тез арада сатып алуға немесе сатып жіберуге мүмкіндік бар. Сондықтан көптеген мемлекет бағалы металды тиімді әрі сенімді орын ретінде Англия банкіне орналастырады. 3 ғасырлық тарихы бар мекемеде 400 мың алтын құйма сақтаулы тұр. Олардың жалпы құны – 200 млрд фунт стерлинг.

Лина Томас, Goldman Sachs сарапшысы:

- Алтынды өз елінде сақтау белгілі бір шығындарды талап етеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, аудит жүргізуге қажетті инфрақұрылымға және сақтандыруға инвестиция салу керек. Бұл шағын Орталық банктер үшін тым қымбатқа түсуі мүмкін.

Швейцарияда алтынды жер астында сақтайды

Бүгінде құнды металды сақтаудың өзге де қауіпсіз жолдары қарастырылуда. Мәселен, Швейцарияның Альпі тауларында жерасты қоймалары салынып жатыр. Қоймалар таудың астында 100 метрден астам тереңдікте орналастырылады. Құны 1 млн еуроға дейін жетеді, ал пайдалану құқығы – 99 жыл. Онда азаматтар алтыннан бөлек қолма-қол ақша, өнер туындыларын, зергерлік бұйымдар, тіпті, автокөліктерді де сақтай алады. Ерекше жоба авторы – швейцариялық кәсіпкер Томас Гассер. Бұл нысандар ұрлықтан, шабуылдардан, табиғи апаттардан қорғайтын жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жобаны 2028 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бірақ мұнда мемлекеттік резервтегі алтын емес, жеке тұлғаларға тиесілі бағалы металдар орналастырылмақ.

Орталық банктерден алтынға сұраныс артқан сайын бағалы метал құны артып, қорғаныс активі рөлін нығайтып келеді. Goldman Sachs сарапшылары алтын бағасы жыл соңына дейін үштік унция үшін 4900 долларға дейін қымбаттайтынын айтады. Мамандардың пікірінше, кейінгі жарты ғасырда алтын құны, тіпті, инфляцияның басты көрсеткіші саналатын тұтыну бағаларының индексінен де жылдам өскен.

 

Сондай-ақ оқыңыз: