Қытай шетелдіктерге қатысты жаңа талап енгізеді

Қытай үкіметі елге келетін шетелдік азаматтар үшін талапты күшейтті. Енді көрші елге кіру және шығу кезінде жаңа ереже қолданылады. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші

- Иә, енді виза рәсімдеу немесе шекарадан өту кезінде жалған ақпарат берсең Қытайға кіруге бір жылдан бес жылға дейін тыйым салынуы ықтимал. Бұл туралы Қытайдың бірнеше құзырлы органдары ресми жария етті. Жаңа тәртіпке сәйкес, көші-қон және визалық қызмет мамандары сапар мақсатын нақтылап, қажет болған жағдайда қосымша тексеріс жасай алады.

Егер бұған дейін шекарадан өту тәртібін бұзғаны, кіріп-шығу туралы құжаттарды заңсыз жолмен алғаны және ол үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны анықталса «Қытайға кіргізбеу» шарасы қолданылуы мүмкін. Қытай билігінің мұндай қадамға баруына кейінгі жылдары елге келетін шетелдіктер санының айтарлықтай көбеюі себеп болып отыр. Оның үстіне Қытайға келу мақсатын бұрмалап, жалған мәлімет беретіндер жиілеген. Ресми Бейжің бұл өзгерістерді қауіпсіздік, шекара арқылы жасалатын қылмыс, заңсыз көш-қон сияқты бірқатар мәселелерді жүйелеуге бағыттап отыр. Жаңа ереже шетелдіктер үшін ғана емес, қытай азаматтарының шетелге шығуын да реттейтін норма. Сонымен қатар, көш-қон қызметін көрсететін агенттіктерге де қатысты. Енді бұдан былай олар тіркелгеннен кейін 15 күн ішінде миграциялық органдарға есепке тұруы тиіс. Жаңа ереже 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Айта кету керек, Қазақстан азаматтары үшін Қытайға визасыз кіру тәртібі өзгермейді. Кез келген қазақстандыққа сапар барысында бұл елде 30 күнге дейін болуға рұқсат беріледі. Бірақ жаңа ереже жалпыға ортақ. 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Сондай-ақ оқыңыз: