Мұнай бағасы неге құбылып тұр?
АҚШ пен Иран арасындағы текетірес мұнай бағасына әсерін тигізіп отыр. Brent маркалы қара алтынның құны бір күнде 3 пайызға қымбаттап, баррелі 101 долларға саудаланып жатыр.
Бұл мамыр айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ормуз бұғазындағы шиеленіспен қатар, Йемендік хуситтердің Сауд Арабиясына тиесілі теңіз порттарына жасаған шабуылы да бағаны құбылтып жіберді.
Brent маркалы мұнайдың бағасы шілде айының соңынан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты. Ал WTI-дың баррелі 98 долларға жуық саудаланып жатыр. Сарапшылар бағаның өсуін, ең алдымен, негізгі тасымал жолы, Ормуз бұғазындағы іркіліспен байланыстырып отыр. Бұл дәліз арқылы тәулігіне орта есеппен 6 млн баррель мұнай өтеді. Мұндай деректі Халықаралық Kpler зерттеу ұйымы келтірді. Сарапшылар Таяу Шығыста жағдай қайта ушыққан тұста, теңіз арқылы тасымал көлемі одан әрі қысқаруы мүмкін деп қауіптенеді.
Муюй Сюй, халықаралық Kpler зерттеу ұйымының сарапшысы:
- Нарықта бағаның бұлай құбылуына АҚШ пен Иранның мұнай танкерлеріне жасаған шабуылдары себеп. Мұнай тасымалдайтын танкерлер Ормуз бұғазы арқылы әлі де өтіп жатыр. Алдағы уақытта теңіз дәлізі арқылы тасымал көлемі 8-9 млн баррельге дейін өсуі мүмкін. Тараптар соққыны доғармаса, баға одан әрі шарықтай береді. Жалпы алғанда, жағдай құбылмалы.
Нарықта Қытайдың рөлі күшейді. Бұл – Ираннан қара алтын сатып алатын алпауыт мемлекеттің бірі. Кейінгі апталарда Бейжің мұнай импортын арттырған. Десе де жылдық нәтижеге сүйенсек, Қытай Парсы шығанағынан шикізат тасымалдауды едәуір азайтты. Соғыс басталғалы бері былтырғыға қарағанда шамамен 400 млн баррельге аз мұнай сатып алды. Бұл бұғаздағы іркілістің орнын толтыруға септесті. Егер Бейжің оның көлемін ұлғайтса, әлемдік нарықта сұраныс күшейіп, қара алтын бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Осы ретте Венесуэла нарыққа қосымша мұнай ұсынуға ниетті. Вашингтон мен Каракас арасындағы жаңа келісім 17 кен орны мен 65 млрд баррель мұнай қорын қамтиды. Мақсат – өндірісті тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін арттыру.
Кайл Хауствейт, АҚШ Энергетика министрінің орынбасары:
- Кейінгі бірнеше айда Венесуэлада өндірілетін мұнайдың шамамен жартысы, яғни тәулігіне 500 мың баррельден астамы АҚШ-қа жеткізіліп жатыр. Шикізат ауыр мұнайды өңдей алатын зауыттарға жөнелтіледі. Ал АҚШ-тан Венесуэлаға тәулігіне 100 мың баррельден астам нафта тасымалданады. Ол өндірісті арттыру үшін ауыр мұнаймен араластырылады. Бұл екі тарапқа да тиімді.
Биыл мұнайдың жалпы жылдық өсімі 65 пайызды құрады. Бұл әлем бойынша жанар-жағармай мен дизель бағасының өсуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта қара алтын құны мемлекеттердің қанша мұнай сатып алып, қандай мөлшерде өндіретініне де тікелей байланысты болмақ.
Авторы: Нұрбике Жігер