БАӘ туризмді қайта жандандыруға кірісті
АҚШ-Иран қақтығысы Араб елдері экономикасын әлсіретіп барады. Әсіресе әмірліктерге ауыр тиіп тұр.
Бұл жақтың жыл он екі ай туризмнен табыс табатын қалалары осы күзде де мол кірістен қағылып, шығынға батуы мүмкін. Соның бірі – Дубай. Шаһар билігі өңірлік тұрақсыздыққа қарамастан, түрлі тәуекелге барып отыр. Шетелден арнайы мейман шақырғандарға арнайы сыйақы беріп, салықтық жеңілдік жасауға көшті.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Араб әмірліктерінде кейінгі алты айдан бергі өңірлік шиеленіс кезінде бірде-бір халықаралық жиын және көпшілік іс-шара өткізілмеді. Қыркүйек айы бастала салысымен жағдай өзгерді. Таяуда ғана осында дәстүрлі инвестициялық конгресс ұйымдастырылды. Ғаламдық мәселелер, экономикалық бастамалар көтерілді. Қақтығыстың араб елдеріне әсері бағамдалды. Дерекке сай, Таяу Шығысқа сапарлайтын саяхатшылар саны көктем-жаз айларында 20 пайызға кеміген. Әуе кеңістігінің жабылуы мен логистика саласындағы шектеулер көп кесірін тигізді. Аймақ экономикасы 35 млрд доллар кірістен қағылды.
Антонио Лопес, БҰҰ туризм ұйымының инновация, білім және инвестициялар жөніндегі директоры:
- Қазір ұшақ жанармайының құны қымбат. Соған сай билет бағасы көңілге қонымды емес. Қалтаға салмақ салады. Ал әлемдік туризм нарығы өзгеріп жатыр. Жаңа бағыттар пайда болды. Әсіресе Африка мен Америкада. Мұндай ахуал біреуге қиындық, ал енді біреулерге қолайлы мүмкіндіктер туғызады.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Осы жайт шығанақ елдері ынтымақтастық кеңесі өкілдерін алаңдатып отыр. Өйткені құрамына алты мемлекетті біріктірген ұйым араб түбегін біркелкі туристік бағытқа айналдыруға бейіл. Ортақ интеграциялық бастамаларды қолға алған. Мәселен, Дубай, Доха, Рияд сынды қалалар арасында саяхатшылар емін-еркін сапарлай алатын арнайы виза жобасы әзір тұр. Уақытылы қолданысқа енбеген. Мамандардың айтуына қарағанда, бұған аймақ қауіпсіздігіне қатысты мәселелер кедергісін келтірді. Бірақ ең негізгі түйін мұнымен шектелмейді. Шығанақ қалалары инвесторлар үшін тартымды нарық мәртебесін жоғалтып барады. Бұл – барлық алты мемлекетке төнген қауіп.
Джасем Ал-Будайви, Шығанақтағы араб елдері ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы:
- Инвесторлар нарық көрсеткіштеріне ғана емес, тәуекел қаншалықты жоғары немесе төмен секілді дүниелерге баса назар аударады. Белгісіздік кезеңінде ұзақ ойланады. Бәрі жылдам өзгеріп кететін жерге аяқ баспайды. Сондықтан капитал тарту кезінде біз, яғни шығанақтағы араб елдері инфрақұрылым, жеңілдік дегеннен басқа да жайттарға көңіл аударайық. Бастысы – сенім. Инвесторларды осы арқылы өзімізге тарта аламыз.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Дегенмен қазір экономика салаларындағы кей шығындарды Шығанақ мемлекеттері бюджет есебінен жабуға көшті. Әмірлік шетелдік турист тартқан әрбір тұрғынға қомақты сыйақы беріп, қонақүйлерге салықтық жеңілдік жасай бастады. Өңірдегі басқа да елдер осындай айла-шарғыға барды. Бірақ жағдайдың бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Сол себепті тараптар АҚШ және Иран билігімен диалог жасасып, бітімгерлік шараларға тікелей араласып кетті. Яғни аймақтық қауіпсіздікті сақтауға күш жұмылдырып жатыр.
Авторы: Рауан Мыңбай