Суданда алтын кенішінің опырылуынан кемінде 60 адам қаза тапты

Фото: depositphotos.com

Суданда Батыс Кордофан штатындағы алтын кенішінің опырылуы салдарынан кемінде 60 адам қаза тапты. Кейбір кеншілер әлі де жер астында қалуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Эн-Нухуд қаласының солтүстік-батысындағы Фуджа ауданында болған. Мұнда бір-біріне жақын орналасқан бірнеше шахта опырылған.

Кеншілердің біреуі жер бетіне шығып үлгерген. Ол жер астында әлі де тірі адамдар болуы мүмкін екенін айтқан.

Кеніш Жедел әрекет ету күштері (RSF) бақылауындағы аумақта орналасқан. Жергілікті тұрғындар кеншілерді құтқаруға және қаза тапқандардың денелерін шығаруға өз қолдарындағы құралдармен әрекет жасап жатыр. Алайда құтқару жұмыстарына тұрақсыз құмды топырақ кедергі келтіруде.

Жедел әрекет ету күштері (RSF) – Мохаммед Хамдан Дагалоның, Хемедти деген атпен белгілі қолбасшының жетекшілігіндегі Суданның әскерилендірілген ұйымы. Ол «Джанджавид» жасақтарының негізінде құрылған. 2023 жылғы сәуірден бері RSF Суданның тұрақты армиясымен қарулы қақтығыста. Қазір ұйым ел аумағының бір бөлігін бақылауда ұстайды. Алтын өндіру – оның негізгі табыс көздерінің бірі.

Жергілікті құқық қорғау мониторинг тобы Kordofan Observatory апат болған аумаққа техникалық мамандарды кіргізіп, бұрғылау жұмыстарына қажетті жабдық жеткізуді сұрады. Материал жарияланған сәтте оқиға орнына кәсіби құтқарушылар мен ауыр техника әлі жетпеген.

Reuters агенттігінің дереккөздері қаза тапқандар санының көп болуын қауіпсіздік шаралары мен қажетті құтқару жабдықтарының болмауымен байланыстырған.

Судан Африкадағы алтын өндіретін ірі елдердің қатарына жатады. Бағалы металдың басым бөлігі қауіпті жағдайда шағын көлемде өндіріледі. Өндірілген алтынның едәуір бөлігі елден заңсыз әкетіледі.

Сондай-ақ оқыңыз: