Францияның бұрынғы мәдениет министрі жемқорлық ісі бойынша сотқа тартылды
Францияның бұрынғы мәдениет министрі Рашида Дати жемқорлық ісі бойынша сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ France 24-ке сілтеме жасап.
Оған Еуропарламент депутаты болған кезде Renault-Nissan концернінің мүддесін заңсыз қорғады деген айып тағылған. Іс 2009 жылдың қазан айында Дати мен сол кездегі Renault-Nissan басшысы Карлос Гон арасында жасалған келісімге байланысты қозғалған. Рашида Дати өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Ал Карлос Гон сотқа сырттай қатысады. Себебі ол қазір Ливанда жүр.
Тергеу 2009 жылдың қазанынан 2013 жылдың ақпанына дейін жүргізілген. Бұл кезеңде Дати Еуропарламент депутаты болған. 2021 жылы оған Карлос Гонмен жасалған қаржылық келісімдерге байланысты жемқорлық және ықпалын асыра пайдаланды деген айыптар тағылды.
Француз прокуратурасының мәліметінше, Дати Renault-Nissan-ның Нидерландтағы бөлімшесінен жалпы сомасы 900 мың еуро болатын адвокаттық қызмет ақы алған. Тергеушілердің айтуынша, 2009 жылы Гонмен жасалған келісім бойынша оған жыл сайын 300 мың еуро төленіп отырған.
Егер сот Датиді кінәлі деп таныса, оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, 450 мың еуроға дейін айыппұл және бес жылға мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салу жазасы тағайындалуы мүмкін.
72 жастағы Карлос Гон 2018 жылы Жапонияда қаржылық заң бұзушылықтарға күдікпен қамауға алынған. Кейін Nissan директорлар кеңесі оны қызметінен босатты. Гон Жапониядан қашып шығып, музыкалық аспап салынған қаптың ішіне жасырыну арқылы Ливанға кеткен. Оған билігін асыра пайдаланды және пара алды деген сияқты бірнеше айып тағылған. Карлос Гон да өзіне қатысты барлық құқық бұзушылық айыптарын жоққа шығарады.