Полиглот блогер қырық тілде сөйлейді

«Жаңа тіл үйренуге аптасына екі күн де жеткілікті».

Бұл әлеуметтік желі арқылы жаһан жұртына танылған Юджи Белезаның ұстанымы. 

Ол әлем тілдерін осылай тез меңгерген. Қазақшасы да тәп-тәуір. Тіл білген соң бай мәдениетімізге де құштар болып жүр. Домбыра шертіп, ұлттық ойындарда сынға түскісі келеді. 

Әлеуметтік желі арқылы әлемге танылған медиамамандар жыл өткізіп, Дубайда бас қосты. Бұл жолы цифрлық платформа игілігін пайдаланып, ауқымды аудитория қалыптастырған блогерлер де жиналды. Соның бірі қырық шақты тіл білетін Юджи Белеза.

- Сәлем Қазақстан, қалай жағдай? Мен Алматыда үш рет боламын. Мен Қазақстанға барамын. 

Блогер-полиглоттың қазақшасы судай болмаса да тәуір. Алда әлі жетілдірмек ойы бар. Бастысы, оны Қазақстанмен байланыстыратын дүние көп. 

Юджи Белеза, полиглот блогер:

- Қазақ, жапон бір туған. Қазақстанда оң өзгеріс көп. Қаншама іс-шара өтіп жатыр. Мәселен, мен 2024 жылғы көшпенділер ойындарында болдым. Жергілікті халықтың еңбекқор қалпы, меймандос көңілі қатты қуантты. Сол кезде туризм елшісі атандым. Қазір өзге тілдерді көптеп үйреніп жүрмін. Аптасына екі рет осыған арнайы уақыт арнаймын.

әлеуметтік желі/yuji_beleza

 Юджидің қазақы мәдениет пен құндылыққа деген көзқарасы жүректі тіпті елжіретеді. Айтуынша, біздің жұрт кез келген шаруаға ширақ келеді. «Ел дамуы мен қоғам өміріндегі бетбұрысты оқиғалар бұған дәлел» дейді.

Юджи Белеза полиглот блогер:

- Қазақ халқының бойынан көшпенді халыққа тән мінезді аңғарамын. Ширақ әрі барлық жайттан хабардар жүреді. Сосын жаңашыл дүниелерді сынап көруден тартынбайды. Қорқыныш жоқ. 

Дубайдың медиа саммитіне Юджи секілді әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар ондаған блогер қатысты. Олар осы саладағы тәжірибелерін ортаға салып, контент жасау жолдарын талқылады. Айта кетейік, жапон полиглоты осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанның туризм елшісі атанды. Содан бері абыройлы атқа лайық болып келеді. Төл тілімізді ғана емес, ұлы дала жауһарларын да дүниеге танытып жүр.  

Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: