Алты жастағы қыз Рубик текшесін 4 секундта жинап, әлемдік рекорд орнатты
Қытайлық алты жастағы Лянь Юньи Рубик текшесін жинаудан әйелдер арасындағы әлемдік рекордты үш күннің ішінде екі рет жаңартты, деп хабарлайды 24KZ.
Жас спортшы 12 қыркүйекте Ухань қаласында өткен WCA Wuhan Danqiu Rubik's Cube Competition турнирінде 3×3 форматындағы Рубик текшесін орта есеппен 4,52 секундта жинап, рекорд орнатқан.
Арада екі күн өткен соң Гуанчжоуда өткен WCA Guangzhou Speedcubing Competition IV жарысында өз нәтижесін жақсартып, орташа уақытын 4,27 секундқа жеткізді.
Қазір Лянь Юньи — классикалық Рубик текшесін орта есеппен 4,5 секундтан аз уақытта жинайтын әлемдегі жалғыз әйел спидкубер.
Алты жастағы рекорд иегері текшені жинаудың 1300-ден астам алгоритмін меңгерген. Ол күн сайын 2-3 сағат жаттығады.
Жас чемпионның анасы Линь Янсидің айтуынша, тұрақты жаттығу қызының кеңістіктік ойлау қабілетін, логикасын, есте сақтау және зейін қою дағдыларын дамытуға айтарлықтай ықпал еткен. Бұған қоса, бұл хобби баланың мінезіне де әсер еткен. Бұған дейін көпшілік алдында өзін тұйық ұстайтын қыз қазір халықаралық жарыстар мен үлкен ареналарда өзін еркін сезінеді.