Бейбітшілік кеңесінде Газаға көмек жоспары таныстырылды
Бейбітшілік кеңесі Газаны қалпына келтіру жоспарын ұсынды. 66 жобаны қамтитын құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясы аясында таныстырылды.
Онда инфрақұрылым, экономика және анклавты басқару жүйесіне қатысты мәселелер қамтылған. Бірақ жоспар іске асу үшін Израиль мен ХАМАС түпкілікті келісімге келуге тиіс. Ал бұл істе халықаралық ұйымдар, оның басында тұрған Бірккен Ұлттар Ұйымы да қауқарсыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясында Газа секторындағы ахуалға ерекше назар аударылды. Бейбітшілік кеңесі анклавты қалпына келтіру бойынша бастапқы жоспарын ұсынды.
Алты айға арналған жоспардың жалпы құны - 2,45 млрд доллар. Шамамен 1 млрд доллар инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады. Оның 400 млн доллары уақытша баспанаға, 275 млн-ы қирандыларды тазалап, жарылмай қалған оқтұмсықтарды жоюға жұмсалады. Ауруханаларға 50 млн, жол жөндеу жұмыстарына 30 млн бөлінеді. Тағы 885 млн долларға жуық қаражат қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ал 300 млн денсаулық сақтау, білім беру жүйесіне және әлеуметтік салаға бағытталады. Қаражаттың бір бөлігін Халықаралық тұрақтандыру күштерін орналастыруға, сондай-ақ ХАМАС және өзге де топ мүшелерінің қаруларын сатып алу бағдарламасына бөлу көзделген.
Джаред Кушнер, Бейбітшілік кеңесі атқарушы кеңесінің мүшесі:
- Былтыр тараптардың бітімге келуіне қол жеткіздік. Бірақ мәселе мұнымен аяқталған жоқ. Соғыстың салдарымен күресу жолында атқарар жұмыс өте көп. Оның бәрін нақты жоспарсыз іске асыру қиын. Бұған қатысты келесі жылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін.
Алайда жоспар нақты қашан іске асатыны белгісіз. Өйткені Израиль мен ХАМАС, әзірге, түпкілікті мәмілеге келген жоқ. Палестиналық ұйымды қарусыздандыру және израиль әскерін Газадан шығару шарттары жөнінде келісе алмай отыр. Axios басылымының мәліметтеріне сүйенсек, секторға келтірілген залал көлемі $35,2 млрд долларға жеткен. Ал аймақты соғысқа дейінгі жағдайға жеткізу үшін алдағы он жылда 71,4 млрд доллар қажет.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
- Бір жыл бұрын дәл осы жерде көптеген мемлекет бас қосып, Палестинаны мойындайтынын мәлімдеді. Бірақ әлі күнге дейін Газаға қатысты әрекетсіздік танытып отырмыз. Бұған бей-жай қарауға болмайды!
Қазір Израиль Газа секторы аумағының шамамен 60%-ын бақылауда ұстайды. Анклавта «сары сызық» ұғымы бар.
Былтыр қазан айында жасалған келісімге сәйкес, дәл осы демаркациялық шептің арғы жағында Израиль әскері орналасуы тиіс еді. Ал екінші бетінде, яғни Жерорта теңізінің жағалауында палестиналықтардың басым бөлігі өмір сүреді. Атысты тоқтату туралы шешімге сәйкес, Израиль әу баста анклавтың шамамен 53%-ын ғана бақылауда ұстауға уағдаласқан. Бірақ биыл «қызғылт сары сызық» түсінігі пайда болды.
Салдарынан қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді жер аумағы тағы да 11%-ға шектелді. Енді Израиль билігі бақылауды 70%-ға дейін арттырмақ. Қазірдің өзінде Газада жер тапшылығы өткір сезіледі. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың басм бөлігі қираған. Ал аман қалғандары құлауға шақ тұр. Тақауда соғыс кезінде бүлінген тұрғын үйлердің бірі ақыры опырылып, 21 адамның өмірін қиды.
Эйяд Аззам, Газа секторының тұрғыны:
- Жүкті әйелім мен ұлымнан айырылдым. Түн ішінде олардың үстіне үйдің төбесі құлаған. Газа секторының 30 пайыздай аумағында тұрып жатырмыз. Мұнда өмір сүруге қауіпті дейді. Өйткені кез келген уақытта ғимараттар құлауы мүмкін. Бірақ басқа қайда барамыз? Далада өмір сүрейін десем де, орын жоқ.
Қара суық та таяп қалды. Ал Газа тұрғындарының біразы дәл қазір шатырларда өмір сүруге мәжбүр.