Дубайда бензин тағы қымбаттады
Ал осы сәтте Дубайда бензин тағы қымбаттады. Арабтар күндіз ғана емес, түнімен бекет жағалап жанармай іздеп жүр. Кезек ұзын-сонар, деп хабарлайды 24KZ.
Сөйтіп Дубайда бензин бағасы кейінгі 4 жылдан бергі ең жоғары межеге жетті. Литрі біздіңше орташа есеппен 520 теңгеден сатылып жатыр. Себеп сол — Халықаралық мұнай нарығындағы тұрақсыздық жағдайға тікелей әсер еткені анық. Өйткені Әмірлік жаһандық биржа бағамына тәуелді. Соған орай қара алтын құны өссе, жанармай да шарықтап шыға келеді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Бұл — кейінгі айларда Дубайдың жанармай бекеттеріндегі үйреншікті көрініс. Көліктің көптігі соншалық, жүргізушілер кезегін сағаттап күтеді. Қазір баға бұл жақта ай сайын қымбаттайтын болды. Қазан айына бекітілген бензин құны қыркүйекке қарағанда 16 пайыз өсіп отыр.
Әр айдың соңғы күнінде әмірліктің май құю орындарында көлік қарасы қаптайды. Жұрт ұзан-сонар кезек пен кептеліске қарамастан, жанармай алып қалуға асығады. Кезек түнде де толастамайды. Себебі ертесіне жаңадан бекітілген тариф күшіне енеді. Жалпы ел үкіметі жанармай құнын өз бетінше белгілемейді. Бағаға әлемдік мұнай нарығындағы өзгерістер тікелей әсер етеді. Қазір көпшілік кең тұтынатын «Special 95» маркалы бензин бұл жақта біздіңше 520 теңге. Өткен айда 450 теңге еді.
- Баға ақырын қымбаттап келеді. Шамалап қосып жатыр. Мұның бәрі неліктен екенін түсініп отырмыз. Дегенмен мынадай кептеліс болмас үшін бәлкім өзгерісті кемі 3-4 күн бұрын хабарлау керек деп ойлаймын. Сонда қарбалас болмайды.
Ормуз бойындағы шиеленіске дейін халықаралық нарыққа бағынған жүйеде еш кемшілік болмаған. Баға бұлай жиі өзгермейтін. Бір деңгейде сақталатын. Қазір бәрі басқаша. Айталық, сәуірде жанармай бір-ақ күнде 30 пайызға қымбаттап шыға келеді. Одан кейін жағдай оңалмады. Жеңіл көліктерге қажетті бензин ғана емес, дизельдің де бағасы өсті. Әмірліктің жанармай құнына жауапты комитет қазан айына арналған тарифті 4, 4 жарым дирхам аралығында бекітті. Бұл — кейінгі 4 жылдан бері ең жоғарғы көрсеткіш. Яғни 520 теңге. Бұл әмірлікте бұрын-соңды болмаған баға.
Автор: Рауан Мыңбай