Францияда «Қызғылт қазан» айлығы басталды. LIVE
Эйфель мұнарасы қызғылт түске боялды. Осылайша, Францияда сүт безі обырының алдын алуға арналған «Қызғылт қазан» айлығы басталды. Мақсат — сүт безі обырын ерте анықтау және әйелдерді жыл сайынғы скринингтен өтуге шақыру, деп хабарлайды 24KZ.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Әдетте күн батқаннан кейін Эйфель мұнарасы алтын түске бөленеді. Ал бүгін түн ортасына дейін ол қызғылт түспен жарқырайды. Бұл — сүт безі обыры туралы ақпараттандыру айлығының басталғанын білдіретін әрі қоғам назарын осы мәселеге аударуға бағытталған үндеу. Мұндай дәстүр осыдан 12 жыл бұрын француздың Ruban Rose қауымдастығы сүт безі обыры туралы алғашқы диагностикалық науқанын бастаған кезде қалыптасқан. Бұған себеп те салмақты: қатерлі ісік — Франциядағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі, ал сүт безі обыры — ең жиі кездесетін онкологиялық диагноз. Қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің дерегінше, Франция әр жүз мың адамға шаққандағы сүт безі обыры жағдайлары бойынша алдыңғы орындардың бірінде. Мұндағы жоғары көрсеткіш алдымен жаппай әрі тиімді диагностикамен, ауруды көбіне ерте кезеңде анықтаумен де байланысты. Әлемнің басқа бөліктерінде анықталмай қалатын жағдайлар Францияда медициналық статистикаға енеді. Сондықтан бұл айлықтың басты міндеті — ауру туралы тағы бір рет еске салып, әйелдерді дәрігерге қаралуға шақыру.
Маэва, Париж қаласының тұрғыны:
- Бұл өте жақсы бағдарлама. Өйткені Францияда, жалпы әлемде әйелдер денсаулығына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді. Мұндай бастамалардың жақсы жері — қоғам назарын проблемаға аударады.
Люсиль, Париж қаласының тұрғыны:
- Парижде осы тақырыпқа арналған жүгіру жарыстары мен түрлі іс-шаралар өтетінін білемін. Бұл мәселе шын мәнінде үлкен қоғамдық талқылауға айналып отыр. Көп қаражат жиналып, аурумен күреске бағытталған нақты шаралар көбейеді деп үміттенем. Біз мұнда былтыр да келгенбіз. Қызғылт түске боялған Эйфель мұнарасын көруге көпшілік жиналады. Бір қарағанда ұсақ нәрсе сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл аурумен бетпе-бет келген адамдар үшін де, зерттеушілер үшін де үлкен мағынаға ие.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Францияда сүт безі обырынан жыл сайын 12 мыңнан астам әйел қайтыс болады. Алайда ауру ерте анықталған жағдайда он жағдайдың тоғызында емдеуге мүмкіндік бар. Дәрігерлер үнемі осыны айтып келеді. Мұнда әйелдерге 25 жастан бастап тұрақты медициналық бақылаудан өту ұсынылады. Ал 50 мен 75 жас аралығындағы әйелдер үшін мемлекет жыл сайын тегін скрининг ұсынады. Қазақстанда да сүт безі обыры онкологиялық диагноздар арасында бірінші орында. Алайда біздің елде міндетті скрининг Францияға қарағанда он жыл ерте, яғни 40 жастан басталады. Әлем дәрігерлері бір пікірде: ауруды ерте анықтау — оны емдеудің негізгі кепілі. Сондықтан қазан айындағы науқан аясында елдің барлық қаласында жылжымалы маммографтар жұмыс істеп, медициналық кеңес саны артады.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан