Грузияда жерасты суы азайып барады

Грузияда жерасты суы қоры азайып барады.

Климаттың өзгеруі мен ұзаққа созылған құрғақшылық су қорына салмақ түсірді. Әсіресе елдің шығысында жағдай күрделі. Грузияда ауыз судың едәуір бөлігі жерасты көздерінен алынады. Сондықтан су қорын анықтап, ұңғымаларды тіркеу жұмыстары басталды.

Грузияда су тапшылығынан ұңғымалар тіркеуге қойыла бастады. Жаңа талап қыркүйек айынан бастап күшіне енді. Енді тереңдігі 20 метрден асатын таза су ұңғымаларының бәрі есепке алынады.

Мераб Гаприндашвили, Грузия ұлттық қоршаған орта агенттігі Геология департаментінің директоры:

- Жер астында қанша су барын білу үшін барлық құдық пен бұлақты тіркеу керек. 1990 жылдардан кейін құдық көп қазылды. Бірақ олардың біразы әлі тіркелмеген. Сондықтан мемлекет 20 метрден терең құдықтардың барлығын тіркеуді шешті. 

Жергілікті билікті тағы бір алаңдатып отырған мәселе Орталық Кавказдағы мұздықтардың жағдайы. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері олардың үштен бірі жойылып кеткен. Қазір мұздықтар бұрынғыдан да тез еріп жатыр. Бұл ең алдымен тұщы су тапшылығына әкелуі мүмкін, дейді мамандар.

Нино Чхобадзе, «Жасыл қозғалыс - жер достары» қоғамдық ұйымының төрағасы:

- Грузияда ауыз су негізінен жер астынан алынады. Елде су қоры әр өңірде әртүрлі. Климаттың өзгеруіне байланысты жер астындағы су да азайып барады. Әсіресе су тапшылығы елдің шығысы мен батысында байқалады.

Жерасты суын есепке алу жұмысы енді тұрақты жүргізіледі. Оның деңгейі, сапасы және көлемі қадағаланады. Мұндай мәліметтер су қорының жағдайын бағалауға мүмкіндік бермек. Өзгеріс байқалса, қажетті шараларды шұғыл қабылдау көзделіп отыр. Бірақ мамандар климаттың өзгеруі жерасты суына да ықпал ететінін ескертіп, бұл бағытта да тиісті жұмыстар атқарылуы керек екенін айтады.

Динара Қуандыққызы, Юлия Тужилкина

Сондай-ақ оқыңыз: