Бразилияда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді

фото: depositphotos.com

Бразилияда президент сайлауының бірінші кезеңінде ешбір кандидат 50%-дан астам дауыс жинай алмады. Екінші кезеңге қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силва мен сенатор Флавио Болсонару өтті, деп хабарлайды 24KZ BBC-ге сілтеме жасап.

99,99% бюллетень саналғаннан кейін Флавио Болсонару 47,03%, ал Лула 45,16% дауыс жинады. Осылайша, Болсонару бірінші кезеңде қазіргі президенттен алға шықты.

Президент сайлауының екінші кезеңі 25 қазанда өтеді. Оған бірінші кезеңде ең көп дауыс жинаған екі кандидат қатысады.

Биылғы сайлауға 12 кандидат қатысқан. Бірінші кезеңде жеңіске жету үшін кандидатқа жарамды дауыстардың жартысынан көбін жинау қажет еді.

Сайлау алдындағы сауалнамалардың басым бөлігінде Лула аз ғана басымдықпен алда болған. Алайда зерттеулердегі айырмашылық статистикалық қателік шегінде болды.

Лула бірінші кезеңде-ақ жеңіске жетуді көздегенін айтып, екінші кезеңде сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.

Ал Флавио Болсонару нәтижеге көңілі толатынын айтып, екінші кезеңде жеңіске жетуге ниетті екенін жеткізді.

Флавио Болсонару — 2019-2023 жылдары Бразилия президенті болған Жаир Болсонарудың ұлы. Ол Либералдық партия атынан сайлауға түсті. Саясаткер қылмыспен күресті күшейтуді, азаматтардың қару ұстау мүмкіндігін кеңейтуді және ауыл шаруашылығы саласындағы реттеуді жеңілдетуді қолдайды.

Лула болса Еңбекшілер партиясының атынан сайлауға қатысып отыр. Оның саяси бағдарламасында әлеуметтік қолдау шаралары, кедейлікпен күрес және Амазонияны қорғау мәселелері бар.

2022 жылғы президент сайлауында Лула Жаир Болсонарумен бәсекеге түсіп, жеңіске жеткен еді. Енді төрт жылдан кейін президенттік сайлаудың екінші кезеңінде Болсонару әулетінің өкілі Флавио Болсонарумен бақ сынайды.

Сондай-ақ оқыңыз: