Араб елдері арасында әуе қатынасы шектелді. LIVE

Шығанақтағы араб елдерінде ахуал тағы шиеленісіп барады. Кеше Саудияның екі әуежайына жасалған соққыдан кейін Йеменде 80-нен аса нысан жойылды. Корольдік бастаған одақ қарымта шабуылын үдетті. Ал Қатарда мұнай танкеріне оқ атылды. АҚШ пен Израиль Иранға қысым жасап, қайта қыр көрсете бастады. 

Рауан Мыңбай, тілші:

АҚШ, Иран және араб елдері арасындағы келіссөз тағы кері кете бастағандай. Өйткені өңірде шиеленіс күшейді. Су жолы бойында бірер күн бұрын Қатардың мұнай танкеріне соққы жасалып, халықаралық кеме қатынасы тежелді.

Салдарынан экипаж мүшелері зардап шекті. Ал Саудияның азаматтық инфрақұрылымы, яғни екі әуежайына жасалған зымыран шабуылынан 3 адам қаза тапты. Жаралағандар саны 30-дан асты. Мұны Араб Әмірліктері, Кувейт, Оман және Бахрейн билігі қатаң айыптады. Белгілі болғандай, хуситтер Йеменнің заңды үкіметімен қақтығысты бір сәт те бәсеңдетпеді. Керісінше, түбектің оңтүстік батыс бөлігінде әуе және құрлықтық операциялар қыза түсті. Күні бұрын Саудия бастаған коалиция Йемен жеріндегі 82 нысанды жойғанын хабарлады. Айтпақшы корольдікке Мекке келісімі аясында Түркия мен Пәкістан әскерінің көмекке келетіні белгілі. Йемендегі Біріккен Араб Әмірліктері қолдайтын топтар та үкіметтік күштер жағына шығып, хуситтерге тойтарыс беретін болып келіскен. Ормуз бұғазына келсек, су жолында қауіп әлі де жоғары. Шиеленіске дейін бұл өткелмен күніне 20 млн баррель қара алтын тасымалданатын. Осы күні көрсеткіш екі есе төмен. 9-10 млн баррель шамасында. Өңірдегі жағдайдың қайта ушығуына байланысты АҚШ пен Израиль Иранға сес көрсетіп, қысымын күшейтті. Америкалық тарап қараша айына қарай шығанаққа тағы әскер жұмылдыратын жоспары барын жеткізді. Израиль де парсы жеріне кез келген сәтте әуеден соққы жасайтынын мәлімдеді. Ресми Тегеран болса, кез келген шиеленіске дайын екенін алға тартып отыр. Айта кеткен жөн, өңірлік шиеленістің қайта ушығуына байланысты араб елдері арасында бірқатар әуе рейсі кейінге шегеріле бастады. Дубайдан Риядқа және тағы екі қалаға бүгін-ертең бағыт алуы тиіс ұшақтар ұшпайтын болды. Шектеу 11 қазанға дейін жалғасады делінген ресми мәлімдемеде.

Сондай-ақ оқыңыз: