Францияда хакерлер 300-ден астам супермаркеттің тоңазытқышын істен шығарды
Францияда хакерлер 300-ден астам супермаркеттің тоңазытқыш жүйелеріне кибершабуыл жасап, азық-түліктің бұзылуына және кейбір дүкендерде өрт шығуына себеп болды. Шығын көлемі бірнеше миллион еуроға жетуі мүмкін, деп хабарлайды 24KZ BFMTV-ге сілтеме жасап.
12 қазанда болған шабуыл салдарынан дүкендердегі тонналаған салқындатылған және мұздатылған өнімді қоқысқа тастауға тура келген. BFMTV мәліметінше, хакерлер тоңазытқыш жабдықтарын басқаратын жүйелерге қашықтан қол жеткізіп, мәжбүрлі түрде еріту режимін іске қосқан. Соның салдарынан жабдықтар өнімдерді төмен температурада сақтаудың орнына бірнеше сағат бойы қызған.
Кибершабуыл Intermarché, Netto, Carrefour Market және Monoprix сияқты ірі сауда желілеріне әсер еткен.
Сала өкілдерінің мәліметінше, ел бойынша келтірілген шығын бірнеше миллион еуроға жетуі мүмкін. Intermarché желісі зардап шеккен дүкендердегі барлық жаңа және мұздатылған өнімді жоюға мәжбүр болғанын хабарлады. Париж прокуратурасының мәліметінше, кейбір нысандарда қысқа мерзімді өрт оқиғалары да тіркелген.
Францияның Киберқауіпсіздік жөніндегі ұлттық агенттігі (ANSSI) Данияның Danfoss компаниясы әзірлеген бағдарламалық жасақтамадан осал тұс анықтаған. Агенттік бағдарламаны әзірлеушімен байланысқа шыққан. Danfoss компаниясы Францияда тоңазытқыш жүйелерін басқаруға қатысты осындай оқиғалар болғанын растады. Алайда олардың шектеулі мөлшердегі жүйелерге әсер еткенін мәлімдеді.
Франция премьер-министрі Себастьян Лекорню кеңсесінің хабарлауынша, ANSSI Еуропадағы әріптестерімен байланыс орнатқан. Өйткені кибершабуыл Еуропалық одақтың басқа елдеріне де таралуы мүмкін деген болжам бар.
Париж прокуратурасы ауқымды кибершабуылға қатысты жеке тергеу басталғанын мәлімдеді.