ХВҚ: АҚШ ел бюджетін үнемдеуге көшуі тиіс
АҚШ үнемдеуге көшуі тиіс. Халықаралық Валюта қорының басшысы Вашингтонға осындай үндеу тастады, деп хабарлайды «24KZ».
Кристалина Георгиеваның айтуына қарағанда, Құрама Штаттардың мемлекеттік қарыз шегін жиі көтеруі дұрыс емес. Қазір жаһандық қарыздың көлемі жалпы ішкі өнімнің 100 пайызына жетуге шақ тұр. Ал оның 80 пайызы кедей-кепшік емес, экономикасы дамыған елдерге тиесілі. Қазір әлемдегі қарызы ең көп ел – АҚШ. Құрама Штаттардың берешегі 40 трлн доллардан асқан. Жаһандық қарыздың көбеюі базалық мөлшерлеменің өсуіне әкелді. Бұл кедей елдердің қаржы жүйесіне кері әсер етеді. Халықаралық Валюта қорының басшысы: «Қытай керісінше экономикаға қаржыны көп салуы қажет», – деп санайды. Кейінгі болжамға қарағанда, биыл дамушы елдердің экономикасы 3,7 пайыз ғана өседі. Былтыр бұл көрсеткіш 4 жарым пайызға жеткен еді.